Мәдениет

Студенттерге Абай мұрасы тереңінен таныстырылуда

 
Алты Алашқа ғана емес, адамзат баласының барлығына ортақ ойшыл. Біз үшін қазақтың қамын ойлап, 5 нәрсеге асық болуға шақырған Абай Құнанбаевтың орны қашан да бөлек. Бүгінгі таңда ақын мұрасы елімізден бөлек, өзге мемлекеттерде де кеңінен насихатталуда. Насихатталатындай жөні бар. Оның қаламынан туған әрбір туынды жүрек түкпіріне терең бойлайды, ой салады. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқып өскен бала елінің сенімді тірегіне айналатындығы сөзсіз.

Жазира Көкбас, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

-Абай жастарға 5 нәрседен қашық бол, 5 нәрсеге асық болуды үйретті. Өсектен аулақ бол, өтірік айтпа деген сияқты дүниелерді айтты. “Өнерің бар болса далада қалмайсың”,- деген. “Оқу оқы, білім ал. Өзіңе сен! Өзіңді алып шығар ақылың мен білімің”,- деді.

Абайдың шығармаларына тереңірек үңілсек, “толық адам” теңеуіне жиі кезігеміз. Бас ақын білімді, жан-жақты, еңбекқор жанды толық адамға теңеген. Ұлы тұлғаның сөзінше: “Жалғыз біліммен “толық адам” атана алмайсың”. Бұл ретте тәрбие мен мінездің де маңызы зор. Өңірдегі жалғыз университетте былтыр Абайды тануға арналған ғылыми-зерттеу орталық ашылған болатын. Студенттер мұнда 19-шы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы толығырақ біле алады. Сөрелерде Абайдың және оның өзіне арнап жазылған кітаптарды байқауға болады.


Жазира Көкбас, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

-Менің қолымдағы кітап «Абай тілінің ерекшеліктері» деп аталады. Авторлары – белгілі тілші, аудармашы, ғалым Құрманбай Шерубайұлы мен Мәрлен Әділов. 2020 жылы баспада жарық көрген. Қолымызға биыл тиіп отыр. Арнайы тапсырыспен алғыздық.

Абай өлеңдерінде морфологиялық, фонетикалық және лексикалық өзгерістерге ұшыраған сөздер жиі кездеседі. Туындының авторлары сол сөздерді түркі тілдес халықтардың тілдерімен салыстыра отырып түсініктеме берген. Еңбек барлығына қолжетімді. Студенттер ғана емес, магистратура мен докторантурада оқып жүрген жандар да келіп таныса алады. Орталықта бұдан бөлек, ақын мұрасын жан-жақты танытуға арналған кездесулер мен түрлі жиындар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Маржан Касымбек