Аптадағы маңызды жаңалықтар

Полицейлерге қызметтік көліктер табыс етілді

 Жылдам әрі ыңғайлы. Су жаңа автомобильдердің бірі Алтынбек Қамытояқовқа берілді. Азамат Жамбыл аудандық учаскелік полиция қызметінде 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Тәртіп сақшысы 4 елді мекенге жауапты. Барлығын аралап шығу үшін сенімді техника керек. Ол бүгінгі күнге дейін ВАЗ көлігімен қатынадым дейді. Айтуынша, темір тұлпар ескірген, жиі істен шығады.

Алтынбек Қамытояқов – Благовещенка ауылының учаскелік полиция инспекторы, Жамбыл ауданы:

-Бұл көлік жылдам және комплектациясы жақсы. Енді оның көмегімен ауылдарға тез жете аламын. Жүргенде жұмсақ. Ішінде салқындатқышы да бар.

Бүгін Алтынбек Қамытояқов сынды тәртіп сақшыларына тапсырылу үшін облыс орталығына Chevrolet Cobalt маркалы автокөліктің 86 данасы жеткізілді. Көліктердің барлығы Қостанай машина жасау зауытында жиналыпты. Әрқайсысының бағасы шамамен 6 млн теңгені құрайды.


Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру міндетін қойды. Осы тапсырманы орындау үшін Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджеттен лизингтік қаржыландыру аясында отандық машиналарды сатып алдық.

Жергілікті полицейлердің жұмысын жеңілдетіп, қылмыстың бетін тез арада ашу үшін жыл сайын облыстық қазынадан ақша бөлініп келеді. Қаржыға түрлі заманауи құрал-жабдықтар сатып алынуда. Мәселен, қазіргі күнге дейін қала, аудан орталықтары мен ауыл көшелеріне 1,4 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Соңғы 4 жылда олардың саны 2 есеге өсіпті. Автомобильмен қамту жұмыстары да жалғасады. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жыл соңына дейін тәртіп сақшыларына тағы да қызметтік көлік кілттері табысталады.


Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 4 жылда полиция қызметіне 68 машина берілсе, биыл тағы 127-сі сатып алынады. Нәтижесінде автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейі 84 пайызға дейін өседі.

Бүгінгі су жаңа автомобильдердің басым бөлігі аудан орталықтары мен облыстың шеткері орналасқан елді-мекендеріне жөнелтіледі.
Сондай-ақ, шара соңында қызметімен ерекшеленген жандарға облыс әкімі Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті.


Бердимурат Баймухан