Бизнес және экономика

Облыстың даму қарқыны

Солтүстік Қазақстан облысының даму қарқыны! Қаңтар-мамыр аралығында өңіріміздің негізгі капиталына құйылған инвестициялар көлемі 87 млрд теңгені құрайды. Тартылған қаржының басым бөлігі шаруашылық жүргізетін субъектілерге тиесілі.
Артта қалған 5 ай ішінде агросекторда өндірілген өнім көлемі 65,7 млрд теңгеге жетіпті. Саладағы жекелеген бағыттарға тоқталайық. Қаңтар-мамыр аралығында аққайыңдар өлкесінде 200,9 мың тонна сиыр сүті сауылған. Өткен жылы бірқатар қиындықтарға тап болған жұмыртқа өндірісі біртіндеп аяққа тұрып келеді. Есептік кезеңде 146 млн дана тауық жұмыртқасы алынған. Союға тірі салмақтағы 33,3 мың тонна мал мен құс жіберілген. Өнеркәсіп өндірісіне ойысайық. Бұл салада 134,2 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Тамақ өнімдерінің бағасымен қоса өндіріс көлемі де өскен. Мұндағы көрсеткіш 8,4 пайызға артыпты. 5 айдың ішінде аймағымызда 16,8 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Ұсынылған мәліметке сүйенсек, 298 ғимараттың құрылысы аяқталыпты. Оның басым бөлігі – тұрғын мақсаттағы нысандар. Пайдалануға берілген үйлердің жалпы ауданы 45,7 мың шаршы метрді құрайды.

Байболат Култанов