Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Халықаралық Олимпиада күніне орай веложарыс өтті

Таң атысымен Александр Винокуров спорт сарайының алдына велосипед тізгіндеген жандар жиналуда. Жергілікті спортшылар мен қала тұрғындары Халықаралық Олимпиада күніне орай велошеру ұйымдастырмақшы. Шара басталмас бұрын көпшілік алдында облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі. Өңір жетекшісі дүйім жұртты Петропавлда велоспорттан алғаш рет ел біріншілігінің өтуімен құттықтады және қатысушыларға сәттілік тіледі. Айта кетейік, чемпионат маусымның 14-і күні бастау алған болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қазақстан біріншілігі құтты болсын дегім келеді. Чемпионат былтыр өту керек еді. Бірақ, пандемияға байланысты болмай қалды.

Бүгінгі шара жергілікті жас спортшылар үшін ерекше. Олар бір кездері жаһандық жарыстарда атой салған велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуровпен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Атақты спортшы кіндік қаны тамған жерге Олимпиада күнін жерлестерімен бірге қарсы алу үшін арнайы келіпті.

Александр Винокуров – ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті:

-Ел чемпионатының біздің облысымызда өтіп жатқанына қуаныштымын. Солтүстік Қазақстан – талантты жастардың мекені. Өңіріміз “чемпиондардың ұстаханасына” айналуда десек қателеспеспіз. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, жеңісті күндеріміз көп болсын!

Шараға қатысуға біраз адам жиналды. Арасында ересектер де, балалар да бар. Юрий Киряков – жергілікті «Iron Will» клубының мүшесі. Спортпен бұрын-соңды айналыспаған азамат осыдан 3 жыл бұрын велоспортқа таңдау жасапты. Өзіне бірден ұнаған екен. Айтуынша, қос дөңгелекті көлік тізгіндеу адамның денсаулығына көп пайдасын тигізеді әрі денедегі артық салмақтан арылуға көмектеседі.

Юрий Киряков – «Iron Will» клубының мүшесі:

-Мен 3 жылдың ішінде 40 келі салмақ тастадым. Велоспортпен әуесқой түрде шұғылданамын. Өзіміздің командамыз бар. Клубқа 20-ға жуық адам мүшелік етеді. Түрлі жарыстарға қатысамыз. Сондай-ақ, біз жүгірумен және суда жүзумен айналысамыз.

Сәлден соң спортсүйер жандар қаз-қатар сапқа тұрды. Көпшіліктің ортасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов та бар. Шараға қатысушылар 10 шақырымды еңсеруі қажет. Сонымен, старт берілді.

Жалпы, бұл велошеруге 200-ден аса адам қатысты. Олар белгіленген қашықтықты 20 минуттың көлемінде бағындырды.

Бердимурат Баймухан