Құқық қорғау органдары

“Жолда қабылдау” республикалық акциясы өтті

Тікелей эфир барысында қойылған алғашқы сұрақтардың бірі – жүргізуші куәлігін қайта алуға байланысты. Петропавл тұрғыны осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында жол ережесін бұзып, көлік басқару құқығынан уақытша айырылыпты. Ал биыл шектеу уақыты аяқталған екен. Жерлесіміз құжатын жаңадан рәсімдеу үшін жақында емтиханнан өтпекші. Бірақ, экзаменді қай қалада тапсыру керектігін білмейді.

Әсет Мәтен – СҚО ПД ӘПБ процессингтік орталығының бастығы:
-Жүргізу куәлігін алу үшін еліміздің кез-келген қаласында емтихан тапсыра беруге болады. Кейін бізге келуі тиіс. Полиция департаменті тиісті органға сауал жолдайды. Осылайша құжатты алып кетеді.

Онлайн режимде ұйымдастырылған шара барысында тұрғындардан көші-қон мәселесіне байланысты сұрақтар көп келіп түсті. Мәселен, Ресейде тұрып жатқан ер адам Солтүстік Қазақстандағы отбасымен қайта қосылғысы келеді. Ол үшін азамат уақытша тұруға рұқсат алу керек екен. Мамандардың айтуынша, мұндай құжат 1 жылға дейін беріледі. Жолда қабылдау акциясы кезінде көптің көкейінде жүрген сұрақ та көтерілді. Жерлестеріміз: “Болашақта ресейлік нөмірде тіркелген автокөлікпен ел ішінде қатынау кезінде ешқандай кедерді болмайды ма?” деген сауал жолдады.

Әсет Мәтен – СҚО ПД ӘПБ процессингтік орталығының бастығы:
-Шетелде тіркеуде тұрған көліктер елімізде емін-еркін қозғала алады. Жүргізушілердің қолында Ресейден берілген техникалық паспорт, сосын елімізде берілген сақтандыру полюсі және техниқалық байқау картасы болуы керек.

Петропавлда велосипедшілерге арналған жолақ жоқ. Қос дөңгелекті көлік тізгіндеген жандар жол үстінде машиналармен қатар жүреді. Салдарынан, апат қаупі туындайды. Тікелей эфир барысында қала тұрғындары осындай мәселені де қозғады және проблеманы тиісті органдарға жолдауды сұрады. Жалпы, акция барысында мамандар түске дейін 40-қа жуық сұрақ қабылады. Айта кетейік, республикалық шара 2 күнге жалғасады.