Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медицина қызметкерлері марапатталды

Бұл жолы залда ақ жағалы жандар емес, медицина қызметкерлері бас қосты. Мамандар бүгін ақ халаттың орнына сәнді киімдерін киген екен. Сәнденетін себеп те жоқ емес. 2 күннен соң кәсіби мерекелерін қарсы алмақ. Медицина саласының өкілдерін төл мейрамдарымен құттықтаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов дәрігерлік қызметтің маңыздылығы мен қасиеттілігін атап өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр пандемияға байланысты сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай алмадық. Дәрігерлер күні-түні жаман аурумен күресті. Көрінбейтін жаумен болған соғыста медицина мамандары біздің қорғаушымыз болды. Қаншама адамның өмірі сақталып қалды. Бұл – үлкен ерлік. Сіздерге бас иеміз.

Індет жағадан алып, науқастар саны күн сайын еселеп артқан кездер болды. Қорқыныш ұялаған көңілдерді дәрігерлер ғана сейілте алды. Ақ халатты абзал жандар өзгенің өмірі үшін өз жанын қатерге тігіп жүргені бәрімізге белгілі. Мұқтаж жандарға қол ұшын созамын деп жүріп 700-ден астам маман ауруға шалдықты, кейбірінің өмірін жалмады.

Пандемия аяқталмады. Көзге көрінбейтін жауға қарсы күрес әлі жалғасуда. Жедел жәрдем қызметкерлеріне «Ауру жұқтырып алған жоқпын ба?» деген күдікпен күніне ондаған адам хабарласады екен. Көмекке алғашқылардың бірі болып аттанатын жандардың қатарында фельдшер Жанайдар Баубаев та бар. 14 жылдық еңбек өтілі бар маман жаны сыздаған науқасқа барынша тез шипа табуға асығады. Әр секунд маңызды. Айтуынша, жауапты миссияны қалтқысыз орындауда ең алдымен білімі, екіншіден ісіне деген адалдығы – тіреу.

Жанайдар Баубаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– Науқастардың кейбірі нақты қай жерінің ауырып тұрғандығын айта алмайды. Бұл кезде біз қолдан келгенше тез әрекет жасауға тырысамыз. Алғашқы көмек көрсетеміз. Егер адамның жағдайы ауыр болса, ауруханаға алып кетеміз. Мекемеге жеткенге дейін диагнозды дәл қоюға тырысамыз. Сонда бізді қабылдайтын дәрігерлердің жұмыс процесі де жылдамдай түседі.

Жанайдар Баубаевқа бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Құрмет грамотасын табыс етті. Дәл осындай марапат тағы 7 маманға берілді. Ісіне адалдығы мен шеберлігі үшін 5 дәрігер өңір басшысының Алғыс хатына ие болды.

Ал №2 қалалық емхананың дәрігері Лариса Сичкаруктың міндеті – ауруды болжап, алдын алу. Маман 23 жылдан бері терапевт болып қызмет етеді. Еңбек жолының 18 жылында учаскелік дәрігер міндетін де атқарған екен. Еңбек еленді. Лариса Сичкарукқа «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Лариса Сичкарук – №2 қалалық емханасының бөлімше меңгерушісі:

– Кей тұрғындар дәрігерге дерті асқынған кезде ғана жүгінеді. Ауырғаны өздігінен басылады деп ойлайды. Денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Қазіргідей қиын кезде барынша абай болуға тырысыңыздар. Сіздер амандықтарыңыз біз үшін бәрінен де маңызды.

Салтанатты шара барысында тағы 5 маман «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Ал талай жыл тынбай тер төккен қос жерлесіміз «Еңбек ардагері» медаліне ие болды.