Денсаулық сақтау

Кардиологиялық орталықтың 12 жылдағы жетістіктері

Осыдан тура 12 жыл бұрын Петропавл қаласында облыстық кардиологиялық орталық ашылды. Сол кезде емдеу мекемесіне соңғы үлгідегі қондырғылар сатып алынып, білікті мамандар тартылды. Алайда, бастапқы кезеңде кадр тапшылығы сезілді. Жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан солтүстікқазақстандықтарға небәрі 20-ға жуық маман қызмет көрсетті. Солардың бірі – Азамат Мағзұмов. Білікті дәрігер әуелде кардиологиялық орталық директорының орынбасары болып еңбек еткен екен.

Азамат Мағзұмов – облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының директоры:

-Орта буын медициналық қызметкерлерді алыс шетелдерге біліктіліктерін арттыруға жібердік. 2009 жылы кардиологиялық орталықта 49 коронарография отасы жасалды. Ал қазір жылына 1800 операция жасалып, науқастардың жүрегіне 800 стэнд қойылады.

Бүгінгі таңда кардиологиялық орталықтың мүмкіншілігі зор. Жыл сайын емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы жаңа құрылғылармен толығып отырады. Мамандар әрдайым шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасып тұрады. Осының арқасында жергілікті ақ халаттылар қолқа жүрек тамырына шунт жасауды толығымен меңгеріпті. Қазіргі таңда мұндай ота жылына 250 адамға дейін жасалады екен. Сондай-ақ, соңғы 5-6 жылда ақ халаттылар жүректің клапанына операция жасауды игеріпті.

Азамат Мағзұмов – облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының директоры:

-Облыстық бюджеттің арқасында орталыққа электрофизиологиялық аппарат сатып алынды. Қондырғының арқасында жүрекке электрофизиологиялық зерттеу жасаймыз. Жүректің қай жерінде ырғақ бұзылғанын анықтап, қалыпқа келтіреміз. Жүрегі 200-150-ден артық соғатын адамдар болса, солардың жүрегін қайта 90-80-ге келтіріп, жақсы өмір сүрулеріне ықпал етеміз. Ал енді бір ырғақтың бұзылуы бар – жүректің толық жұмыс істемеуі. 20-50 рет соғады, қантамыры қанды жеткізіп үлгермейді. Сондықтан, біз электростимулятор қоямыз. Осындай жақсы операциялар көп, айта берсең.

Емдеу мекемесіне жоспарлы түрде күніне 12-13 науқас түседі екен. Бүгінде кардиологиялық орталықта 280-ге жуық маман қызмет етеді. Оның 50-ден астамы – дәрігер.