Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да халық санағына дайындық жұмыстары жүргізілуде

 Алтынай Қазиқан – тілші:

-Қолдарына планшет ұстап, көк портфель асынған жандар келіп, есігіңізді қақса, қайта жабуға асықпаңыз. Олар – халық санағына дайындық жұмыстарын жүргізіп жүрген мамандар. Үй-үйді аралап, қанша адам тұратын сұрап, гаджетке жазып алады.

Халық санағына дайындық жұмыстарының бірінші кезеңі дәл осылай жүріп жатыр. Әр маман маусымның соңына дейін 1200 баспанаға барып үлгеруі керек. Мәселен, Карина Карасартова бүгінге дейін 800 үйде болған. Күтпеген қонақты тұрғындардың бірі қуана-қуана қарсы алса, енді бірі есікті де ашпайды екен.

Карина Карасартова – интервьюер:

-Өзім жуырда ғана университетті бітірдім. Халық санағы сияқты ауқымды науқанға аз да болсын үлесімді қосқым келді. Кейбір адамдар үйлерінде болмайды. Көбінесе егде жастағы жандар сөзімізге сенбей, есікті ашпайды. Алайда, алдымыздан күліп шығып, шайға шақыратын тұрғындар да кездесіп жатады.

Әр пәтерден алынған мәліметті интервьюерлер планшетіне жазып алады. Оған небәрі 30 секунд уақыт кетеді екен. Мамандардың әрқайсысының белгіленген аумақтары бар. Оны да тұратын баспаналарына жақын қылып ыңғайластырған. Темір есіктің ар жағынан жауап қатып, адам санын айтпайтындар да бар екен. Мұндай жағдайда планшетке мекенжайда 1 адам тұрады деп жазылады. Кейін санақ уақытында қайтадан сұралады.

Марал Даниярова – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

-Халық санағына облыс бойынша 240-тан астам адам жұмысқа жұмылдырылды. Халық санағының ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды». Қазіргі кезеңде шамамен 40 пайыз жұмыс атқарылды. Әр күн сайын есеп тапсырып отырамыз. Қала бойынша 11 учаске берілді. Жер үйлерде ақпаратты тез жинауға болады. Өйткені, тұрғындар көбінесе үйде болады.

Халық санағын өткізуге өңірге республикалық бюджеттен 170 млн бөлінген. Еске сала кетейік, халық санағы қыркүйектің 1-і мен 30-ы аралығында өтеді.

Алтынай Казиканова