Мәдениет

«Қарапайым адам» атты комедиялық қойылымның тұсауы кесілді

 

Бұл жолы сахнадағы атмосфера мүлде бөлек. Туындының аты айтып тұрғандай оқиға «қарапайым» ауылдан басталады. Еш уайымсыз тіршілік жасап жүрген отбасы. Актерлер ауылдық ағайынның біркүндік өмірін әсірелеусіз, сол қалпында көрсетуде.

Ауылдағы әр сәт қызыққа толы. Қаладан күтпеген қонақ келеді. Жай қонақ емес, көпке танымал ақын. Қаламгер өлеңдері арқылы билікке қарсы сөз айтқандықтан, 6 айға сотталады. Бірақ, ол әділетсіздікке көнбеді. Өзін аман алып қалу үшін қашып кетіп, басына пананы осы жерден табады.

Асылхан Разиев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері:

– Содан ол қашып досына келеді. Атын жасырады. Сол жердегі неше түрлі шырғалаң оқиғалар болады. Бір күнде болатын оқиға. Ақынның табиғаты бөлек, ұстанымы бар.

Жұртшылық алыстан ат терлетіп келген жанды құшақ жая қарсы алды. Дәстүрге сай құрметін көрсетті. Ауылға келісімен ақынның өмірі өзгереді. Өз ғашығын кездестіріп, талай жыл іздеген бақытына жетеді. «Қарапайым адам» деп аталатын бұл пьесаны сербиялық жазушы Нушич Браснислав жазған. Туындыны қара шаңырақта сахналау үшін тәжікстандық режиссер Барзу Абдураззаков арнайы келген.

Барзу Абдураззаков – режиссер, даматург, Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі :

-Бұл спектакль арқылы тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлағым келді. Туындыда күрделі оқиғалар баяндалмайды. Кейіпкерлердің барлығы – қарапайым адамдар. Олар ойындағысын астарламай, жеңіл жеткізеді. Содан көрермендер айтқымыз келген ойды тез түсінеді.

Көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, терең ой да салады, ауылдағы өмірмен таныстырады. Комедия жанрындағы спектакль келушілердің көңілінен шықты. Тұрғындар бір марқайып қалғандығын да жасырмады.

Алғаш рет келіп отырмын. Бұрын теледидардан көретінмін. Өмірде бәрібір басқаша ғой.
– Актерлер бәрін өз эмоцияларымен көрсетті. Сол жағы қызық болды.

 


Маржан Касымбек