Білім

Биыл Петропавлда 3 мыңға жуық бала 1-ші сыныпқа барады


Жылдам әрі тиімді. Гүлнәр Қойшыбаева ұлын мектепке беру үшін бес-ақ минутта өтініш толтырды. Ең алдымен интернетке “Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау”,- деп жазып, “Egov.kz – электрондық үкімет” порталына кіру керек. Сонда тиісті парақ бірден ашылады. Телефон нөмірін жазады, пошта атауын көрсетеді. Мектеп пен оқу тілін таңдап, тиісті құжаттарды жүктейді. Мұны үйде отырып та атқаруға болады. Оған мүмкіндік болмаған жағдайда мектепте толтыруға жағдай жасалған.


Гүлнәр Қойшыбаева – қала тұрғыны:

-25-ші мектеп үйге жақын орналасқан. Тұңғышымды осында оқуға беруді жөн көрдім. Даярлық тобына да осында барды. Барлығы өзіне ұнады. Мұғалімдер сабақты жақсы түсіндіреді дейді. 1-ші сыныпқа құжатты электронды түрде қабылдап жатқандары ата-аналар үшін өте тиімді. Жұмыс уақытында қағаздармен жүгіріп жүру біраз уақытты алады әрі жүйкені тоздыратыны жасырын емес.

Онлайн өтініш сол күні-ақ қарастырылады. Ал баланың мектепке қабылданғаны туралы жауап келесі күні электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке хабарлама түрінде келеді. Биыл
№25 жалпы білім беретін орта мектеп жаңа 75 балғынға есігін айқара ашпақ. 25 оқушыдан 3 топ құралады. Барлығы өтінішті электронды түрде беріпті.

Әлия Шотпаева – қалалық білім бөлімінің бас маманы:

-2018 жылы білім ошақтарының барлығы біртіндеп электронды қызмет көрсетуге көше бастады. Өтініш білдірген кезде міндетті түрде баланың денсаулығына қатысты медициналық анықтамалар мен 3х4 үлгісіндегі фотосуреті талап етіледі.

Бастапқы уақытта жаңашылдықты қолдану кезінде сәл қиындықтар туындапты. Атап айтсақ, өтініш тиісті мектепке бармай, жауабы тұрғындарға жетпей жатқан кездер де кездескен екен. Қазір бұл бағытта біраз тәжірибе жинақталды. Мәселе де біржақты етілгендей.

Әсел Әубәкірова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

-Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ата-аналарға өтініш білдіру оңай болуы үшін нұсқаулық бейнероликтер дайындауда. Бүгінде YouTube желісіндегі агенттік парақшасынан 300-ден аса материал көруге болады. Ол жерде 1-ші сыныпқа құжат қабылдау жөнінде барлығы кезең-кезеңімен түсіндірілген.

Биыл облыс орталығында 3 мыңға жуық ұл-қыз 1-ші сыныпқа барады. 2 мыңнан астамының өтініші тіркелген. Айта кетейік, 1-сыныпқа өтініш қабылдау тамыздың 1-іне дейін жалғасады.


Алтынай Казиканова