СпортҚоғамБилік

“Отан-2021” әскери-спорттық патриоттық лагері ұйымдастырылды

 Белтемірге тартылу, жүгіру және автоматты шашып-жинау. Сайысқа келген қыздар бұл әскери нормативтерді жігіттерден артық болмаса, кем орындап жатқан жоқ. Қазір Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары коллледжінің студенттері жалпыәскери қорғаныс жиынтығын киюде. Ырысты Бабықова есімді бұрымды шапшаңдықты шыңдайтын сайыста қатарластарынан оқ бойы озып кетті. Ол арнайы костюмді 1 минут 22 секундта киді.


Ырысты Бабықова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Сайысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Сол себепті, бүгін сәл қобалжып қалдым. Әйтпесе, бұдан да тез нәтиже көрсете аламын. Колледжде жалпыәскери қорғаныс жиынтығын 1 минут 8 секундта киемін.

Ендігі кезекте – пневматикалық мылтықтан ату және кедергілер арқылы жүгіру. Мергендер мен жылдамдар кідіріп қалмады, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, ұпай еншіледі. Кейін кезек саптық жүріске де келді. Мұнда команда біркелкі қозғалуы қажет. Жіберген әр қателік есептеледі. 8 командаға бөлінген ұл-қыздар сынның барлығында жоғары нәтиже көрсетуге тырысып-ақ жатыр. Себебі, әр ойыншының жинаған ұпайын санай келе жалпыкомандалық қорытынды шығарылады. Осылай жеңімпаз анықталады.

Руслан Мұхамедшин – СҚ жоғары медициналық колледжінің студенті:

-Мұндай сайыстарға жиі қатысып тұрған жөн. Себебі, бұл адамды топпен жұмыс істеуге, қиын сәтте тез шешім қабылдауға үйретеді, көшбасшылық қасиетті дамытады. Бір сөзбен айтқанда, жастарды үлкен өмірге дайындайды әрі денсаулықты шыңдай түседі.

Жалпы, облыстық “Отан-2021” әскери-патриоттық лагерінде ұйымдастырылған сайысқа 7 колледжден 50-ге жуық студент қатысты. Жастар әскери-техникалық мектеп базасынан 9 түрлі тапсырманы орындады. Сондай-ақ, жастар өздерінің шығармашылық өнерлерін паш етті. Жүзден жүйрік атанғандар шара соңында кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бердимурат Баймухан