Ауыл шаруашылығы

Сүт қабылдаумен айналысатын Көпеновтер отбасы

Таң атысымен гүжілдеген мотордың дыбысын Келлеровканың тұрғындары алыстан таниды. Ауылға сүт таситын көлік келе жатыр. Оған дейін жұрт ыдыстарын аққа толтырып үйдің алдына шығарып қояды. Юрий Ковальчуктың 8 сиыры бар. Ол зайыбы екеуі таңғы сауыннан 80 литрден аса сүт жинайды екен.

Юрий Ковальчук – Келлеровка селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

-Әйелім екеуіміз таңғы 5 жарымда тұрып сиыр сауамыз. Сүтті 120 теңгемен өткіземіз. Отбасымды асырауға жетеді. Шөпті өзіміз шауып аламыз.

Сүт сүзілген және салқын болуы тиіс, сонда сапасын жоғалтпайды дейді Құрмет Көпенов. Азамат бойға қуат, жанға дәру беретін сусынды жинаумен 4 жылдан бері айналысып келеді екен. Айтуынша, сүттің сапасын оның түсі мен қоюлығынан анықтай алады. Жас кәсіпкер Құрмет 80 ауланы аралап өтеді. Шаруаны кем дегенде 3 сағаттың ішінде тындырып үлгеру қажет. Әйтпесе, цистернадағы сүт ашып кетуі мүмкін.

Құрмет Көпенов – кәсіпкер, Тайынша ауданы:

– Жұмысты таңғы сағат 6-да бастаймын. Кешкі сүтті таңғыға араластырмаймыз. Қабылданған өнімді Ақмола облысындағы сүт зауытына апарып тапсырамыз.

Алтыншаш Көпенова – Құрметтің зайыбы. Шағын бизнесті отбасымызбен бірге дөңгелетіп отырмыз дейді. Кәсіптерін сыйымдылығы 200 литр болатын Газельден бастаған. Қазір көлем 20 есеге артты. Істерін кеңейту үшін ерлі-зайыпты мемлекет қолдауына жүгінген. Өз аттарына 16 млн теңгенің несиесін рәсімдепті. Қолға түскен қаржыға сүт таситын көлік пен өзге де техника түрлерін сатып алған.

Алтыншаш Көпенова – кәсіпкер, Тайынша ауданы:

-Сондай-ақ, біз салқындатқыш сатып алдық. Ыстық күндері сүтті соған құямыз. Кейде ауылдықтар 200-300 литрден ақ жинап жатады. Сақтайтын жер болмай қалады. Сондай уақытта сусынды салқындатқышқа құйып таңға дейін ұстаймыз.

Жақын арада Көпеновтер отбасы тағы бір сүт таситын көлік сатып алуды жоспарлап отыр екен. Жалпы, жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 170-тен астам жобаға 1 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған.

Бердимурат Баймухан