БалаларҚоғам

Жергілікті НЗМ-де 129 түлекке аттестат табыс етілді

 

Бүгін Зияткерлік мектептің түлегі Алина Самыратова үшін ерекше күн. Өйткені, алтын ұясымен қоштасып, алған білімін растайтын құжат алып отыр. Оның өзі қарапайым емес, «Үздік аттестат». Бойжеткеннің қуануына тағы бір себеп бар. Ол мектеп өміріне белсене араласқаны үшін «Үздік түлек» атағына ие болды.

Алина Самыратова – Химия-биология бағытындағы НЗМ түлегі:

-Қорытынды емтиханнан 140-тан 139 ұпай жинадым. Өзім физика-математика пәндерін таңдаған болатынмын. Ендігі кезекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетіне аэроғарыштық инженерия мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Көп жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма мың алғыс.

Бойжеткеннің қуануына тағы бір себеп бар. Ол мектеп өміріне белсене араласқаны үшін «Үздік түлек» атағына ие болды. «Талапты ару осындай жетістіктерге ата-анамның арқасында жеттім»,- дейді. Бүгінгі салтанатты шарада үздік оқушының қуанышымен бөлісуге жақындары да келіп отыр.

Нағашыбай Самыратов – ата-ана:

-Қызым мектеп кезінде түрлі олимпиадаларға қатысып, барлық іс-шаралардан қалмайтын. Өзі жан-жақты. Ән айтатын қабілеті де бар. Жалпы, бала кезінен білімге құштар, өте еңбекқор. Математика мен шет тілдерін көп оқитын. Бүгін сол еңбегінің жемісін көрді деп ойлаймын.

Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдап отырған ұл-қыздар шетінен талапты әрі дарынды. Әрқайсысы түрлі бағытта өздерін үздік көрсеткен екен. Алайда, аттестат оқушыларға лег-легімен берілді. Мына жерде тек 50-ге жуық бала отыр. Себебі, карантиндік талап сондай.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

-Біздің түлектеріміз ҰБТ тапсырмайды. Олар Кембридж университетінің сыртқы бағалау жүйесіндегі халықаралық деңгейдегі емтихан тапсырады. Биыл емтиханның нәтижесі өткен жылға қарағанда жоғары. Алғашқы болып біздің елдің ұл-қыздары тапсырды.

Жалпы, биыл зерек жастардың ордасына айналған Назарбаев Зияткерлік мектебін 129 бала тәмамдады. Оның 2-уі «Алтын белгі» иегерлері болса, 9-ы «Үздік аттестат» алды.

Алтынай Казиканова