Ауыл шаруашылығыМәдениетБилік

Шал ақын ауданының әкімі есеп берді

Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов өткен жылға басымдық беріп, атқарылған жұмысты жіпке тізді. Атқамінердің баяндамасына сенсек біраз іс тындырылыпты. Енді алдағы жоспарға келейік.

Рахат Смағұлов – Шал ақын ауданының әкімі:

Ауданда 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Кейін 200-ден астам жұмыс орны пайда болады. Сондай-ақ, бұл бастамаларды жүзеге асырудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына 9,2 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік туады.

Сонымен, 12 жобаның 3-уі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кривощеково ауылында биыл 1200 басқа арналған сүт-тауарлық ферма тұрғызылады. Бұл келесі жылы өндірілетін сүт көлемін жылына 3 мың, кейін 6 мың тоннаға дейін арттыруға септеспек. Ферма ашылысымен 55 жаңа жұмыс орны құрылады. Крещенка ауылында да 500 басқа арналған бордақылау алаңы салынғалы жатыр.

Рахат Смағұлов – Шал ақын ауданының әкімі:

“Шал ақын 2030” серіктестігі Көктерек ауылында құны 300 млн теңге болатын 3 мың басқа арналған қой кешенін салып жатыр. Мал шаруашылығынан бөлек, өсімдік өсіру бағытында да 5 жоба іске асырылуда. Ауданда 4 элеватор салынады және қазір диірменнің құрылысы жүріп жатыр.

Сергеевка қаласында биыл 11 мың шаршы метрден астам аумақ немесе 121 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл баспана кезегін 18,5% -ға сейілтпек. Жолға келер болсақ, биыл аудан орталығы мен Кривощеково селосына дейінгі аралық қалыпқа келтіріледі.

Рахат Смағұлов – Шал ақын ауданының әкімі:

“Сергеев су торабынан бастап Тимирязев ауданының шекарасына дейін жаңа асфальт төселеді. Облыстық маңызы бар Кривощеково–Афанасьевка-Садовка жолының 15 шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі. 4 елді мекенде 16 шақырымнан астам кентішілік жол қалыпқа келтіріледі.

Ауданда жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге үстіміздегі жылы 245 млн теңге қарастырылған. Сергеевканың өзінде 65 млн теңгеге жуық қаржыға су тарату желілері ағымдағы жөндеуден өтеді. 16 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 2 жарым млрд теңгеге 3 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген екен.


Дана Сәлімқызы – тілші:

Шал ақын ауданында биыл атқарылатын жұмыс жоспары ауқымды екен. Іс жүзінде ойдағыдай жүзеге асса нұр үстіне нұр. Есептері мақтарлық. Бірақ, көңілге қаяу түсіретіні баяндаманың барлығы орыс тілінде ғана жазылған. Есепке таза қазақ тілінде дайындалып келгендері саусақпен санарлық. Тағы бір айта кететіні, тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша атқарылған жұмыс айтылмаған сыңайлы. Ал бұл – негізгі жұмыс бағыттарының бірі. “Әкім бол, халқыңа жақын бол”.

Дана Ешкенова