ТЖҚоғам

М.Жұмабаев ауданында өрттен 1 адам қаза тапты

Бұл суреттер М.Жұмабаев ауданында түсірілген. Кеше күндізгі 5-тер шамасында аудан орталығындағы жер үйлердің бірі отқа оранды. 18 шаршы метрге жайылған өрттің салдарынан баспананың қабырғалары мен жиһаздары түгел жанып кеткен. Қызыл жалынды ауыздықтау барысында мамандар 49 жастағы баспана иесінің жансыз денесін табады. Өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болған сыңайлы.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

-Мамырдың 26-сы күні дәл осы үйде өрт оқиғасы тіркелген болатын. Ол кезде әріптестерім үй иесін қызыл жалыннан аман алып қалды. Онда от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шықты. Бүгінде көз жұмған ер адамның ішімдікке салынғаны анықталып отыр.

Дана Сәлімқызы – тілші:

-Күн жылынысымен терек ағашы бүр жарып, қаламыздың көшелерін ақ мамық басты. Жазғы ақ ұлпамен бірге өрт саны артқан. Көбіне балалар терек мамығын ермек қылып өрттеп жатады. Алайда, бұл ойыннан от шығып, қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін.

Соңғы екі күнде мамандар дамыл таппады. Олар өрттенген мамықты сөндіру үшін 1 емес, 50 рет шақыртуға барған. Шақыртулардың көбі облыс орталығында тіркелді. Төтенше жағдайлардың бірі кеше күндізгі 2-лер шамасында орын алды. Өрт сөндірушілер 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде тұтанған ақ ұлпаны сөндірді. Өкінішке қарай, үй маңындағы шаруашылық нысан толығымен жанып кетті. Абырой болғанда ешкім зардап шекен жоқ.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

-Биыл терек мамығын жандырудан пайда болатын өрт оқиғалары жиілей түсті. Тұрғындарды барлық сақтық шараларын ұстануға шақырамын. Қызыл жалынды болдырмау үшін мамық жиналған жерді күнде жинап, ылғалдандыру қажет. Және балаларға жанғыш заттармен ойнауға жол бермеу керек.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 327 өрт оқиғасы тіркеліп, 31 адам қаза тапқан. Келген материалдық шығын көлемі 143 млн теңгеден асады.

Дана Ешкенова