Мәдениет

Жастар студиясы алғашқы спектакльдерін сахналады

 

Теңізге шыққан кеме апатқа ұшырап, жүздеген жанның арасынан үшеуі ғана тірі қалады. Содан бір салға мініп алып, өлместің күнін кешеді. Шамалы болған тамақ таусылып қалып, қарындары аша бастайды. Сол кезде үшеуі адам төзгісіз қиындық көреді. Аштықтан аман қалу үшін бір-бірін жеуге дейін барады.

Жағымсыз және зұлым кейіпкердің рөлін 16 жастағы Кирилл Лысенко сомдайды. Театр труппасына 1 жыл бұрын қосылған жас актердің бүгін – дебюті.

Кирилл Лысенко – актер:

-Образға еніп, даусыммен біраз жұмыс істедім. Сахнаға шығар алдында “Көрермен мені қалай қабылдайды?” деген қобалжу басым болды. Дегенмен, сахнадағы алғашқы қадамым сәтті шыққан сыңайлы. Тәжірибелі актерлерден үйренетін дүние көп.

Үшеудің бірі жанындағылардың өмірі үшін өзін құрбан етуге шешім қабылдайды. Әлгі қос жігіт серіктерінің ойын құптап, оны өлтіруге бел буады. Сөйтіп, пышақ салғалы жатқан кезде біреуі салдағы жәшіктердің бірінен сиыр етін тауып алады.

Қойылымды Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының “Тишина закулисья” жастар студиясының актерлері сахналады. Аталған студия өткен жылы режиссер Ринат Исмаиловтың жетекшілігімен құрылды. Өнерлі жастар бүгінге дейін бірнеше сахналық шараға қатысыпты.

Ринат Исмаилов – режиссер:

-Премьераны жастармен 2 ай көлемінде дайындадық. Қойылым арқылы көрерменге әрдайым таңдау бар екенін жеткізгіміз келді. Бұл өмірде ақ пен қара бірге жүреді. Осындай кездерде адамгершілік қасиеттірімізді ұмытпай, адами келбетімізді сақтап қалуымыз қажет. Туынды арқылы өнерсүйер қауым бір жақсы ой түйді деп ойлаймын.

1 сағатқа жалғасқан спектакльді тамашалаған көрермен драмалық қойылымнан мол әсер алдық дейді.

-Қызықты спектакль. Терең ой тастады. Жастардың шығармашылығына ризамын.
-Театрға келмегеніме көп болды. Бүгінгі қойылым көңілден шықты. Мол әсер алдым.

“Тишина закулисья” студиясына 10-ға жуық жас мүшелік етеді. Бойында таланты бар жастар өнерсүйер қауымды игі жақсы туындылармен қуантуды жоспарлап отыр.

Дана Ешкенова