Аптадағы маңызды жаңалықтар

«QYZYLJAR art» орталығы ашылды

 

Ұсақ-түйек заттарды сақтауға арналған қобдиша, үлкенді-кішілі себет. Алдарыңыздағы дүниенің барлығы қарапайым қағаздан жасалған. Көз тартар бұйымдардың авторы – Людмила Милютина. 45 жастағы нәзікжанды қағазды өріп, оны әсемдеумен 6 жыл бойы айналысып келеді. Қолөнер туындылары бұрын-соңды көпшілік назарына ұсынылмапты. Енді олар жаңадан ашылған «QYZYLJAR art» орталығындағы жәрмеңкеге шығарылып отырады.


Людмила Милютина – қала тұрғыны

-Қағаздан осындай таяқшалар жасалады. Оларды түрлі түске бояп, себет жасаймыз. Кейін акрил лагымен сыртын пішіндейміз. Бір затты жасау үшін 2 күн керек.

Қолөнер иесі сүйікті ісімен өзі ғана шұғылданып қоймай, жастарға да үйреткісі келеді. Сондықтан, алдағы уақытта шеберлік сағатын өткізуді жоспарлап отыр. Шығармашылық орталықта солтүстікқазақстандық суретшілердің де картиналары көрме ретінде ұсынылған. Мұнда қылқалам шеберлері келіп, сурет салуларына да болады.


Дарья Першина – қала тұрғыны:

-Бала кезімнен сурет саламын. Айналадағы құбылыстарды қағаз бетіне түсіргенде ерекше сезімге бөленемін. Бұрын сүйікті ісіммен үйде ғана айналысатынмын. Музей алаңына келіп, сурет салуға болатынын естігенде қуанып қалдым. Өйткені, мұндағы атмосферада жаңа туындыларды дүниеге әкелуге болады.

Нағыз өнер ордасы. Тарихи-өлкетану музейінің алаңында ащылған «QYZYLJAR art» орталығында өңіріміздегі дарынды тұлғалармен кездесуге де мүмкіндік бар. Оларды мамандар кезекпен шақырып отыратын болады. Сондай-ақ, мұнда ашық аспан астындағы кинозал жұмыс істейді.

Еркін Шалкенов – СҚО музейлер бірлестігі жетекшісінің орынбасары:

«QYZYLJAR art» орталығының эскиздік жобасын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков жасаған болатын. Бүгінде жоба іске асып, осындай шығармашылық орда қалыптасып отыр. Жаңадан ашылған орталық тұрғындарды өнерге баулып, сүйікті демалыс орнына айналады деген үміттеміз.

Музей алаңында жұмысын бастаған орталыққа тұрғындар оң бағасын беруде.

Маған сондай ұнады. Балаларым алып келді.
Барлығын қарап шықтым. Осындай жерді бұрын көрмеппін.
Суретшілердің картиналары көңілімнен шықты. Барлығы жоғары деңгейде салынған.

«QYZYLJAR art» орталығы сейсенбіден жексенбіге дейін таңғы 10-нан түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ал, дүйсенбі – демалыс күні.

Алтынай Казиканова