МТРА жаңалықтары

Биыл халық санағы алғаш рет онлайн түрде жүргізіледі

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– 2009 жылы жүргізілген санақ нәтижесі бойынша Қазақстан халқының саны 16 млн-ды құрады. Ал облысымызда мекен етіп жатқан тұрғындар 596 мыңнан асқан. Осыдан 12 жыл бұрын статист мамандар санақты қағаз түрінде жүргізсе, биыл істе планшет қолданылмақшы. Сондай-ақ, 2021-де ел тұрғындары алғаш рет онлайн түрде сауалнамадан өтеді.

Ұлттық санақ елімізде 2 кезеңмен өткізілмекші. Маусымның 1-і бастау алған алғашқы кезең осы айдың 30-ына дейін жалғасады. 30 күннің ішінде мамандар өзінің учаскесіндегі тұрғын үйлер мен ғимараттардың тізімін құрастырады. Сондай-ақ, сол аумақта тұрып жатқан адамдардың санын нақтылап, картографиялық материалға өзгерістер енгізеді.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Санақ объектілері бойынша деректер планшет құрылғысын пайдалана отырып, интервьюермен электрондық базаға енгізілетін болады. Халық санағын өткізу үшін «Аудандастыру» деген ақпараттық модуль әзірленген. «Аудандастыру» АЖО (автоматтандырылған жұмыс орны) үшін негіз ретінде «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі алынған. Себебі, бұл жүйеде барлық тұрғын, сондай-ақ, тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайлары қамтылған.

Ал екінші кезең 1-ші қыркүйек пен 15-ші қазан аралығында онлайн режимде өтеді. Мұнда облыстың әр тұрғыны өздігінше sanaq.gov.kz сайтына кіріп, сұрақтарға жауап береді. Бұл өте тиімді әрі жұмыстың тез жүргізілуіне септеспек. Себебі, кез келген адам үйден шықпай-ақ, жеке өз басы және отбасы мүшелері жайлы сауалнама толтырады.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Оны мобильді телефон, дербес компьютер, планшет арқылы өтуге болады. Сауалнама аяқталысымен әрбір отбасы мүшесіне СМС-хабарлама келеді, оларды сақтау қажет. Одан әрі 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында барлық қажетті санитарлық нормалар сақталып, халықты жаппай аралау өтеді. Санақтан оnline өтпегендерге интервьюерлер пікіртерім өткізіп, сауалнамалар толтырады.

Жалпы, биылғы санақ кезінде ел тұрғындары 80-нен астам сауалға жауап берулері тиіс екен. Ең маңыздыларына қысқаша тоқталып өтейік. Сауалнама кезінде адамның табыс көзі, әлеуметтік, тұрмыс пен миграция жағдайы, діни ұстанымы, білімі мен отбасы мүшелерінің саны секілді сұрақтар қойылады. Бұл ақпарат елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын құру үшін пайдаланылмақ.

 

 

 

Бердимурат Баймухан