БалаларМәдениет

Қазақ театрында Балаларды қорғау күні атап өтілді

Қазақ театрының жас актерлері кішкентай балғындарға арнап «Тапқыр тышқан» қойылымын дайындапты. Мерекелік шара дәл осы ертегіден басталды. Ақ пен қараның аражігін ажыратуға көмектесіп, жақсылыққа баулитын сахналық көрініс балақайлардың көңілінен шығуда.

Жанель Карбаева:

– Қойылым өзіме ұнады. Актерлердің шеберліктеріне таңданып тұрмын. Барлығын бізге бір көрініс арқылы түсінікті тілмен жеткізе алды. Көңілім көтеріліп, мерекенің лебін сездім.

1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінің Аққу Байдильдина үшін маңызы зор. Көпбалалы ана бұл күні ұл-қыздарымен саябақта серуендеп, әрқайсысына сыйлық әпереді екен.

Аққу Байдильдина:

– Жұмыстан шаршап, үйге келген кезде балаларың алдыңнан күліп шығып, оларды құшақтағаннан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. «Балалы үй – базар» демекші, осы керемет мерекеде ұл-қыздарымыз аман болсын дегім келеді. Әр үйден сәбидің іңгәләған үні, сыңғырлаған күлкісі кетпесін.

Қара шаңырақтағы мерекелік концертке 40-қа жуық балғын шақырылған. Мейрамға қатысты олардың пікірлерін сұрап көрдік.

– Маған осы мереке ұнайды. Бұл күні бізге әкеміз бен анамыз ойыншықтар сыйлайды. Алдыңғы жылдары паркке апарды.

– Балаларды қорғау күні ерекше мереке деп білемін. Өйткені, біз – еліміздің болашағымыз.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында балаларды қорғау күні жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Алайда, бұрын мерекелік концерт ашық аспан астында өткізілетін. Бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты нысан ішінде ұйымдастырылып отыр.

Дәурен Тойбазаров – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Бүгінгі кеш қайырымдылық аясында өткізіліп жатыр. Яғни, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққандарға арнайы хабарлап, шақырдық. Іс-шарада қуанышқа бөленсін, ойындарға қатысып, сый-сыяпаттарын алып қайтсын деп ұйымдастырып отырмыз.

Мерекелік концертті ұйымдастырушылардың айтуынша, шара соңында әр балаға сыйлық берілетін болады.

 

 

Алтынай Казиканова