МТРА жаңалықтары

Пресновка ауылының тұрғындары ауыз суға зәру

“Тіршілік нәріне зар болып отырғанымызға 1 айдан асты”,- дейді Пресновка селосының тұрғыны Алла Лихачева. Таңның атысы мен кештің батысына дейін – арпалыс. Су алып үлгеру қажет.
Күннің ыстығында салқын судың аз-аздап ағатыны қиналтады дейді нәзікжанды. Тіршілік нәрін ыдыстарға құйып алу үшін күндіз – 3 сағат, кешке 3 сағат беріледі екен. Кейде бұл да болмай қалатын көрінеді.

Алла Лихачева – Пресновка селосының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Кәсіп ашып, ауылдағы жағдайды жақсартуға тырысып жүрміз. Оның үстіне біз мемлекеттен несие алдық. Су болмаса, мұның барлығы не үшін керек? Жазда қаладан немерелерімізді де әкеле алмаймыз. Көшуден басқа амал жоқ.

Тұрғындардың шағымданатындай жөні бар. Айтуларынша, бұл мәселе бір емес, 4 жылдан бері көтеріліп келеді. Жаз келген сайын ауылда су тапшы. Не бақша еге алмайсың не киім-кешегіңді қалаған уақытта жуа алмайсың.

– Жұмыстан келген соң дұрыс жуына да алмайсың. Пандемия уақытында беті-қолыңды жиі шайып тұру керек қой. Өкінішке қарай, бізде су жоқ.

– Өткен жылдары осы суды үйге кіргізіңдер деген соң 400 мыңнан, кейбіреулері тіпті 1 млн-нан ақша жұмсады. Қарызға белшесінен батқандар бар. Зейнеткерлердің көбісі несие алып жатты. Ал оның пайдасын көріп отырған ешкім жоқ.

Жауыр болған мәселені тұрғындар әкімдікке бірнеше рет жеткізген. Бірақ, әлі күнге дейін тұшымды жауап ала алмапты. Судың да сұрауы бар. Аудан әкімі жерлестерімізге оны үнемдеу қажет дейді. Сөзінше, тіршілік нәрі барлығына жетеді. Шеткері орналасқан үйлерге ғана кей кезде бармай қалады деп отыр.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Тұрғындар ауыз суды бейберекет қолданады. Бақша суарып, көлік жуу үшін техникалық су қажет. Бағасы мың теңге болғандықтан адамдар оны алғысы келмейді. Текше метріне 30 теңге ғана төлеу тиімді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.

Марат Ескендіров биылдан бастап аудан орталығында су тапшылығы мәселесі туындамайды деді. Тек сәл күту қажет. Себебі, 2014 жылдан бері Пресновкаға Есіл өзенінен су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Шаруа былтыр аяқталуы тиіс еді. Пандемияның кесірінен біраз іс тұралап қалған көрінеді. Биыл шілденің 1-ші жұлдызында тиісті құжаттарға қол қойылуы тиіс. Ауылға су тартумен айналысатын «Дания» серіктестігінің директоры да бұл сөзді растап отыр.

Бақытжан Кәриев – «Дания» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– 1-ші шілдеден бастап «Есіл су» серіктестігі Пресновканы өз балансына көшіруді бастайды. Әрі қарай олармен бірлесе жұмыс жасайтын боламыз. Экология комитетінен жауап келген кезде қажетті құжаттарға қол қойылады. Жалпы, қазірдің өзінде тұрғындарға су жетеді. Себебі, біз күніне 400 текше метр тіршілік көзін береміз. 6 мың адам үшін бұл көп.

Пресновка “Есіл су” кәсіпорнына 2022-ге дейін қосылады деп болжап отыр мамандар. Шаруа уақытылы аяқталса, тұрғындар сапалы сумен толық қамтылады.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан