БілімБалалар

№17 мектепте жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастады

Бұл жерде бүлдіршіндер үшін кітап бұрышы ашылған. Мұнда ұл-қыздар бұған дейін оқыған ертегілерінің үзінділерін бір-біріне мазмұндап, қызықты оқиғалармен бөлісуде. Ал кейбір балақайлар тақпақ айтып, жұртшылық алдында өнерлерін көрсетуде.

Мектептің алдындағы мына бір топ бүлдіршін қолдарына түрлі түсті бор алып, асфальт үстіне сурет салып жатыр. Әркім қиялына ерік берген. 6 жастағы Алиша Тельман өз туындысын анасына арнапты.

Алиша Тельман – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мен асфальтқа күннің көзін, кемпірқосақ пен жүрек салдым. Және үлкен үй мен анашымды бейнеледім. Себебі, анамды қатты жақсы көремін. Ал күннің көзі әрдайым бізге нұр төгіп тұрсын деймін.

Мектептің ішінде де қызу қарбалас. Мына кабинетте ұл-қыздар қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен жіті танысуда. Балақайлар қағаз бетіне ою-өрнек салып, оны әдемілеп қиып жатыр. Араларында Айғаным Тоқпай да бар. 9 жастағы бүлдіршін жазғы сауықтыру алаңында біраз дүние үйреніп жатырмын дейді.

Айғаным Тоқпай – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Біз мұнда түрлі ойындар ойнаймыз. Көптеген жерлерді аралаймыз. Үйірмелерде көп нәрсе үйреніп жатырмыз.

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің спорт залы да босап қалған жоқ. Мұнда каратэшілер жиналған. Ұл-қыздар денелерін шынықтырып, қорғанудың түрлі тәсілдерін үйренуде. Араларында тәжірибелі спортшылар баршылық. Артем Виноградовтің каратэмен айналысып жүргеніне 5 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде түрлі жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен екен.

Артем Виноградов – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

 – Каратэмен 5 жасымнан айналысамын. Бұл спорт түрі маған ұнайды. Қазір жасыл түсті белбеудің иесімін. Болашақта қара белбеуге дейін жеткім келеді. Ол үшін біраз дайындық қажет.

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің жанындағы жазғы сауықтыру лагеріне 100-ден астам бала жазылыпты. Мұнда ұл-қыздар түрлі үйірмелерге қатыса алады. Жазғы сауықтыру алаңдары таңғы 9-дан түскі 2-ге дейін жұмыс істейді.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Балаларды қорғау мерекесі күніне орай бүгін бізде мектепалды сауықтыру алаңы ашылып отыр. Маусымның соңына дейін жалғасатын жазғы лагерьге 7 топ қабылданған. Әр топта 15 оқушыдан бар. Бұл балалардың барлығы – бастауыш сынып шәкірттері.

Демалыс уақытында балалар экскурсия да жасамақ. Олар облыс орталығында орналасқан мәдениет ошақтарын аралайтын болады.

 

 

 

Дана Ешкенова