МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚУ-да қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған жиын өтті

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі халықтың шеккен қасіретін баяндап, айтулы датаның маңыздылығына тоқталып өтті.

Сонымен қатар, Президент қазіргі таңда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін бірталай іс атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. Естеріңізге сала кетейік, былтыр осы мақсатта елімізде 11 жұмыс тобы құрылған болатын. Мамандар солақай саясаттың нысанасына іліккен жандар туралы мәліметті іздеп тауып, оны зерттеумен айналысады. Азалы кезеңді еске алу күнінде жергілікті университет қабырғасында дөңгелек үстел жиыны өтті. Шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарқын Тайшыбай солтүстікте де біршама адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик, профессор:

– Қай ұлттыкі дейтін емес. Қазақтар көп. Бұл – кәдімгі ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасы болып есептеледі. Ол кезде «Мен қазақпын, бұл менің елім» деген сөздің өзі қылмыс болып саналған. Осындай әділетсіздік келешекте болмаса екен дейміз.

  Бердимурат Баймухан