Спорт

Өңірде ат жарысының жазғы маусымы ашылды

Дүбірлі дода басталмас бұрын ипподромдағы ат қорасына бет алдық. Мұнда жарыс алдындағы шабандоздардың дайындығымен таныстық. Бірі жылқысына ер салып жатса, екіншісі арбасының жай-күйін тексеруде. Ал, Павлодар облысынан келген Николай Карабельниковтың ағылшын айғыры бәйге алдында тынығуда. 4 жасар сәйгүлік тұлпарлар сынына алғаш рет түскелі отыр. Бескөлдегі бәсекеге тыңғылықты дайындалыпты. Қыстан бері жануардың ащы тері әбден алынған екен.

Николай Карабельников – шабандоз, Павлодар облысы:

 – Мен 96-шы жылдан бері ат спортымен айналысамын. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен аламанға қатысып, жүлделі 3-ші орын иелендім. Аққайыңдар өлкесіне бірде-бір рет топқа қосылмаған тұлпарымды әкеліп отырмын. Бүгін оның дайындығын, шама-шарқын тексеретін боламыз. Ең бастысы жылқым мөңкіп кетпесе болды. Жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.

Соңғы жылдары өңірде аталған ұлттық спорт түріне қыздар жағы да қызығушылық танытуда. Солардың бірі – Мария Патошкина. 16 жасар жасөспірім алғаш рет атқа 6 жасында отырыпты. Талай бәйгеге қатысып, жүлделі орындарды еншілеген. Бүгін ол “Айвенго” атты жылқысымен жорға жарысында өнер көрсетпек.

Мария Патошкина – шабандоз, Қызылжар ауданы:

 – Бұл спорт түрімен айналысу үшін ең алдымен мінез керек. Шабандоз бен жылқы бір-бірін түсінуі қажет. Бұл әрине оңай емес. Дайындық та маңызды рөл атқарады. Бүгін бізден қобалжу байқалады. Дегенмен, сәйгүлігім менің сенімімді ақтайды деп ойлаймын.

Дода салтанатты түрде бастау алды. Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз сөйлеп, жиналғандарды ат жарысының жазғы маусымының ашылуымен құттықтады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Бүгін өте керемет күн. Баршаңызды ат жарысының ашылумен құттықтаймын. Шабандоздарға сәттілік тілеймін.

Шараның шымылдығын “3 жастағы желісті аттардың” сайысы ашты. Шабандоздар жылқыға қос дөңгелекті арба жегіп, 1600 метр қашықтықта бақтарын сынады. Бұл бәсекеде Мамлют ауданының тұлпары ешкімге дес бермей, мәреге бірінші болып жетті.

Бұдан соң ипподромға жиналған қауым 7 шақырымдық жорға жарысын тамашалады. Ережеге сәйкес, тізгіндегі жандар тұлпарларын жорғалатып қана бақ сынауы қажет. Ереже бұзылса, атбегілер сыннан шеттетіледі. Бұл жолы 3 бірдей шабандоз додадан шығып қалды.
Көрермендердің делебесін қоздырған сайыста қызылжарлық “Реванш” атты жануар өзгелерін шан қаптырып кетті. Ең қызығы, бұл жылқы жасы жағынан өзгелерден үлкен екен. Тәжірибелі сәйгүлік бұған дейін халықаралық жарыстарда сан мәрте өнер көрсетіп, талай рет топ жарды дейді аттың иесі Александр Корнилов.

Александр Корнилов – шабандоз, Қызылжар ауданы:

 – Ұлттық спорт түріне ден қойғаныма 21 жыл болады. 2006 жылдан бері ат бапкері болып қызмет атқарамын. Бір маусымда орта есеппен 30 додада өнер көрсетеміз. Жеңіске жету үшін менің ойымша ең бастысы өзіңе деген сенімділік қажет. Және бәйгеге қосқан жылқыңа дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Менің “Реванш”-ым 15 жылдан бері сенімімді ақтап келеді.

Дүбірлі додаға өңіріміздің түкпір-түкпірінен ең жүйрік тұлпарлар жиналды. Сондай-ақ, Павлодар және Алматы облыстарынан келген шабандоздар қатысты. Дәстүр бойынша көрермен назарына 50-ге жуық атбегі 6 бірдей бәсеке ұсынды. Олар: 3-4 жастағы және одан ересек желіс аттардың жарысы, аламан, ұшқыр бәйге және жорға сайысы.

– Ат жарысы жақсы өтіп жатыр. Бәйгені жылда келіп тамашалаймын.

– Бүгінгі жарысқа Мамлют ауданынан келдім. Дүбірлі додада әкем өнер көрсетіп, 1-ші орын еншіледі. Барлық шабандоздар жеңіске жету үшін барынша тырысып бағуда.

Айта кетейік, жеңімпаздарға кубок пен дипломдар табысталды. Сондай-ақ, шашасына шаң жұқпас шабандоздар ақшалай сыйақымен марапатталды.

 

 

 

 

Дана Ешкенова