Білім

“Үздік білім беру ұйымы” облыстық байқауы бастау алды

Қатысушылар баяндамаларын қайта-қайта оқып, қобалжып отырғандай. №2 Чкалов орта мектебінің директоры Байғали Бөгенбаев сайысқа бірінші рет қатысып отыр екен. Бүтіндей бір Тайынша ауданының намысын қорғай келіпті. Дегенмен, өзі жетекшілік ететін мектеп ұжымының үздік екеніне сенімді. Себебі, білім ұясында білім беру сапасы да, оқушылардың оқу үлгерімі де жақсы.

Байғали Бөгенбаев – №2 Чкалов орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

– 1-ші аудандық кезеңнен біздің мектепті таңдап жібергеніне қарағанда жетістігіміз жеткілікті деп ойлаймын. Әрине, барлық мектептер тыңғылықты, тиянақты даярлықпен келді. Жыл сайын біздің оқушыларымыз аудандық, облыстық, тіпті республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып отырады. Сондықтан, мектепішілік атқарылып жатқан жұмыстар мен оқушылардың жетістіктерін бүгін сайыста ауыз толтыра айта аламын.

Биыл “Үздік білім беру ұйымы” конкурсының облыстық кезеңіне 14 мектеп қатысып жатыр. Барлығы бір ортақ талап қойылған. Қатысушылар үздік деген атауға лайық болу үшін өздерін барынша таныстырып, жетістіктерін айтулары қажет.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

–  Қуантарлығы, қатысып жатқан 14 мектептің дені – ауылдық. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы бәсекелестіктің жоғары екендігін білдіреді.

Айта кету қажет, ең соңғы рет “Үздік білім беру ұйымы” деген атаққа Тайынша ауданының №2 орта мектебі ие болған. Биыл қай мектеп үздік атанады? Ол 14 күннен кейін белгілі болады. Жеңімпаз ұжым 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталмақ.

 

 

Алдияр Айтпаев