Денсаулық сақтауБалалар

Әткеншектен құлап, жарақат алған балалар саны артуда

Сұмдық оқиға былтыр Қарағанды қаласында болды. Қатты желдің екпініне шыдамаған батут аударылып кетіп, ойнап жүрген балалар астында қалды. Өкінішке қарай, 11 жастағы бала көз жұмып, тағы 3 адам ауыр жарақат алған. Осыған ұқсас жағдай Қостанайдағы саябақтардың бірінде де орын алды. Батут қаңбақша ұшып кеткен. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.

Ал мына видео осыдан бірнеше күн бұрын Өскеменде түсіріліпті. Қозғалып тұрған аттракцион істен шығып, ішінде отырған 2 қыз жазым бола жаздады. Мұндай жағдай біздің өңірде соңғы уақытта тіркелген жоқ. Бірақ, үйдің дәл жанында орналасқан ойын алаңдарында оқыс жағдайлар жиі орын алатын көрінеді. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жарақат алып күніне 40-қа жуық бала келсе, оның кем дегенде 3-еуі әткеншектен құлаған. Соңғы жағдай өткен дүйсенбі Тимирязев ауданында болыпты. 12 жастағы оқушы алтыбақаннан құлап, аяғын сындырып алған.

Шыңғыс Нұрғалиев – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматолог-ортопеді:

– Әсіресе, оқу жылы аяқталып, жаз айы басталған кезде жарақат алған балалар саны артады. Әткеншекте отырғанда немесе велосипед теуіп жүргенде абайсызда құлап кетіп, сіңірін созып алып немесе қол-аяғын сындырып алатындар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда жарақаттың жазылуына ұзақ уақыт керек.

Осы орайда дәрігерлер ата-аналар қауымына, әсіресе, жазғы демалыс кезінде балаларына барынша мұқият болу қажеттігін ескертеді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек