МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Жазғы лагерьлердің дайындығы пысықталды

Пандемияға байланысты балалардың жазғы демалысы биыл 2 бағытта ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Яғни, дәстүрлі және қашықтықтан. Бұл мақсатқа 78 млн теңге қарастырылып отыр деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова. Жалпы, қазіргі күні өңір аумағында 12 лагерь бар екен. Екеуі Петропалдың маңында, қалғаны Тайынша, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, Шал ақын мен Аққайың аудандарында орналасқан.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді ескере отырып, биыл 7 мыңға жуық балаға қашықтықтан демалыс ұйымдастырылмақ. Оның ішінде 3 мыңнан астам ұл-қыз әлеуметтік осал топқа жатады және ата-ана қарауынсыз қалған 180 оқушы бар. Олар онлайн байланыс арқылы түрлі іс-шараларға қатысады.

Ал сауықтыру лагерьлеріне баратын балалар ПТР тест тапсырулары қажет. Ақылы түрде жолдама алған оқушылар үшін тесттің құнын ата-аналары төлейді. Айта кететін жайт, бір жолдама 18 мың мен 38 мың теңге аралығында тұрады. Қазіргі уақытта демалыс орындарындағы қызметкерлерге вакцина қойылып, вирус жұқтыру қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жазғы сауықтыру лагерьлері балаларды 15 маусымнан қабылдай бастайды. Оқушылар 5 лекке бөлінді. Әр лек 10 күн демалады. Денсаулығы нашар балаларға арнайы жағдай жасалған. Биыл 780 ұл-қыз денсаулықтарын түзету үшін республикалық оңалту орталықтары мен шипажайларға жіберіледі.

Демалатын орындар заман талабына сай болуы тиіс. Лагерьлердегі инфрақұрылымды жақсарту мақсатымен ондағы нысандардың біразы кәсіпкерлердің қолына өтіп жатыр екен. Құмар Ақсақаов бұл бағытта атқарылып жатқан шаруаларды әлі де жалғастыру қажет екенін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сауықтыру лагерьлерін сенімді басқарушыларға беру мәселесін қолға алған жөн. Былтыр жеке инвесторлар қала сыртындағы демалу орындарына 102 млн теңге қаржы құйып, олардың инфрақұрылымын жақсартты. Қызығушылық танытқан кәсіпкердердің қатары жыл сайын артып келеді. Оң үрдіс байқалады. Жұмыс тоқтап қалмасын.

Татарстанда орын алған жағдай ешкімнің есінен кетер емес. Қазандағы қайғылы оқиға білім нысандарындағы қауіпсіздікті күшейту қажеттігін ұғындырды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқу жылы басталмай тұрып тиісті шараларды қолға алу керектігін тапсырды. Осы орайда білім басқармасы тиісті органдармен бірлесе бірнеше жоспар әзірлеген екен.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Лаңкестік жағдай туындаған кезде қалай дұрыс әрекет ету қажеттігі туралы онлайн оқыту өткіздік. Өткен аптада оған білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары қатысты. Алдағы уақытта барлық ұйымдарға бейнебақылау камералары мен дыбыстық хабарлау жүйесін және дабыл түймесін орнатамыз. Сондай-ақ, әр мекемеде кәсіби күзетші тұратын болады. Бұған облыстық бюджеттен 65 млн теңге бағытталады.

Шіліңгір шілденің қапырығы солтүстікке биыл мамыр айында келді. Аптап ыстықтың салдарынан тұрғындар жаппай өзен-көлдердің жағасына жиналуда. Осы орайда Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Тыйым салынған орындарда шомылғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартатын боламыз. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдік ішкендерге қатысты да тиісті шара қолданамыз. Биыл суға түсу маусымы ерте басталып кетті. Осыған орай тез арада қалалық және аудандық комиссиялардың отырысын өткізу керек. Одан бөлек, аудан әкімдері қауіпті жерлерде «Суға түсуге болмайды» деген белгі орнатулары қажет.

Ыстықтың кесірінен облыста өрт қаупі де күшейді. Өрт сөндіруші мамандар қызыл жалын бас көтерген жерге жетіп үлгерсе де жанып жатқан үйдің ауласына кіре алмай әлек. Себебі, баспана маңындағы бетон қоршаулар мен бейберекет қойылған машиналар арнайы көліктің қозғалуына кедергі келтіреді. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов пәтер иелері кооперативі төрағаларына жүгініп, олқылықты түзеуді тапсырды.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан