Спорт

Шаһарда жеткіншектер арасында шайбалы хоккейден ел біріншілігі өтуде

Қазір мұз айдынында жергілікті “Qulager” мен ақтөбелік “Олимп” құрамасы ойнап жатыр. Бұған дейінгі екі ойында жеңілістің кермек дәмін татпаған теріскейліктер бұл жолы да шапшаң қимылдауда. Олар есепте алда тұр. Ал, трибунадағы ата-аналар балаларына жан ұшыра қолдау көрсетуде.

– Немереме қолдау көрсетуге келдім. Үш ойында да жеңіске жетіп жатыр. Алға, “Qulager”!

– “Qulager” құрамасына жанкүйер болып отырмын. Біздің хоккейшілер бәрінен де мықты.

– Балаларымыздың жеңімпаз болғанын қалаймыз. Оларға сәттілік тілейміз!

Бірінші периодтың аяқталуына санаулы минуттар қалды. Таблодағы есеп – 8 де 0. “Qulager” хоккейшілері қарсыластарын тас-талқан етіп жеңуде. Тамерлан Кудьяров бұл кездесуде дубль авторы атанды. Яғни, жеткіншек алғашқы 20 минут ішінде 2 бірдей шайбаны қарсылас қақпаға тоғытып үлгерді.

Тамерлан Кудьяров – “Qulager” құрамасының шабуылшысы:

– 1-ші периодта айқын басымдықпен ұтсақ та, ойын қиынға соғуда. Келесі кезеңде қарқынды үдете түсеміз. Өз айдынымызда жеңілгіміз келмейді.

Шайбалы хоккейден Петропавлда өтіп жатқан ел чемпионатына 2008-ші жылы туылған жас өрендер қатысуда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 6 команда жиылған. Жарыстың бас төрешісі Борис Скатовтың айтуынша, біріншіліктің басты фавориттері – жергілікті “Qulager” мен шымкенттік “Торнадо” құрамасы.

Борис Скатов – жарыстың бас төрешісі:

–  Шымкенттік құрама біздерді таң қалдыруда. Олар қарсыластарын 20 да 0, 15 те 1 есебімен тізе бүктіруде. Петропавлдықтардың да аяқ алысы жаман емес. Жалпы, жарыс жоғары деңгейде өтуде.

Ақтық ойындар осы демалыс күндері өтеді. Жүлдегерлерді елордадан келетін қонақтар марапаттамақ.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев