Экология

Петропавлда “Таза жағалау” акциясы өтті

Бұл – қалалық жағажайдың аумағы. Көрініс төбе шашты тік тұрғызады. Демалуға келген тұрғындар өздерінен қалған қалдықтарды алып кетпей, ағаштардың арасын қоқыс алаңына айналдырып жіберген. Бүгін жан-жаққа шашылған заттарды жаңағы айтылған демалушылар емес, өзге жандар жинауда. Нақтырақ айтсақ, мұнда Петропавлдағы 5 колледждің студенттері тазалық шарасын өткізіп жатыр. Арасында Әлия Айтен де бар.

Әлия Айтен – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

–  Иісі жүректі айнытатындай. Қала тұрғындары қалдырып кеткен заттарды біз жинаудамыз. Небәрі 5 минуттың ішінде 2 қап қоқыс жинадық. Қалалықтарды табиғатты аялауға шықарамын.

Біреуден қалған заттарды екіншісінің жинағысы келмейді, әрине. Бірақ, мұндағы жастар үшін айналаның таза болғаны маңызды. Себебі, бір қоқыстың өзі табиғатқа орасан зор зиян келтіреді.

Маржан Қасымбек – тілші:

 – Мамандардың сөзіне сүйенсек, пластиктен жасалған заттың жойылуына 3 ғасырдай уақыт керек. Демек, мұндай қоқыс жердің бетінде сақталып, топырақтың тыңаюына кедергі келтіреді. Енді жан-жаққа көз жүгіртейік. Айналада пластиктің түр-түрі жатыр.

Студенттер қоқысты жинап қана қоймай, бірден іріктеп жатыр. Бөтелкелер – қапқа, пластиктен жасалған заттар пакетке салынады. Кейін, жиналған қоқыстың салмағы өлшенеді. Қай колледждің жастары көп жинаса, соған марапат табыс етілмек.

Андрей Славный – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Бірінші орын алған колледжге дыбыстық жүйе, яғни караоке беріледі. Ал екінші және үшінші орындарды иеленген ұжымдарға принтер мен блютуздың көмегімен жұмыс істейтін колонка табыс етілмек. Жалпы, қаламызда мұндай тазалық шарасы осымен 10 жыл қатарынан өткізіліп жатыр.

Тазалық шарасына 50-ге жуық адам жұмылдырылған. Жастар судың жағасын небәрі 1 сағаттың ішінде жинап шықты. Нәтижесінде бақандай 1 тонна 400 келіге жуық қоқыс шығарылды. Олар енді жергілікті кәсіпорындарға қайта өңдеуге жіберіледі. Қалдықтардың тең жартысын СҚ кәсіби педагогикалық колледжінің студенттері жинаған екен. Ұл-қыздар сайыста бірінші орынды иеленді. Машина жасау және М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің өкілдері 2-ші мен 3-ші орындарға жайғасты.

Маржан Касымбек