Мәдениет

“Музейдегі түн” шарасы

Алдымен музей қызметкерлері жастарды кешен ішімен жақынырақ таныстырды. Тарихи деректермен бөлісіп, қазақ хандары туралы баян етті. Кейін жиналған қауым резиденция алдында ұйымдастырылған мерекелік концертке қарай бет алды.

Әдетте, қала тұрғындары «Абылай хан резиденция» музей кешеніне күндізгі уақытта жиналады. Алайда, 18-мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай кешкі сағат 7-лерде «Музейдегі түнді» өткізуге келген жастардың қарасы қалың.

– Күшті іс-шара өтіп жатыр. Барлығымыздың көңілімізден шығуда. Үлкен алғысымызды айтамыз.
Біз сияқты жастарға тәлім-тәрбие беріп жатқан музейге алғысымызды білдіреміз.

– Қызықты, атмосферасы керемет. Қазақтың салт-дәстүрлерімен танысып жатырмыз. Алтыбақан өте қызық.

Заманауи әуендер, әсем би. Шынымен, мұражай алдындағы кешкі атмосфера керемет. Жиылған қауымның қайсысының болмасын көңілін көтермей қоймайды. Сондай-ақ, мұнда теріскейліктерге арнап 3 киіз үй тігілген. Меймандар қазақ халқының 18-ғасырдағы тұрмыс салтымен танысып, бір сәтке өткенге саяхат жасады. Мұндай шара «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Әсемгүл Қыдбекова – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

– Музей мәдени ошақтардың бірі болып табылады. Музейде тарих, білім бойынша тәлім-тәрбие алуға болады. Мәдени жаңғырып, даму үшін мұражайдан бастауымыз керек. Бұрын ата-бабамыздан келе жатқан бата алу, өздеріне тілек тілеу мақсатында өте ерекше киіз үйіміз бар. Көрермендер барып өздеріне тілек тілеп, тілек ағашына жіптерін байлай алады.

Арқан тарту, асық ату, алтыбақан. “Музейдегі түн” шарасына келушілер ұлттық ойындарға да қатысты. Батырдың сауытын тоқып, қамшы өретін кәсіби шеберлер де шақыртылған екен. Солтүстікқазақстандық жастар қолөнер шеберлерінің еңбектерін тамашалап қана қоймай, қол еңбегіне бірге ат салысты.

Ерғали Саткенов – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің оқытушысы:

– Мамандығым бойынша тарихшы-технолог болғасын сауыттар туралы оқып, зерттеу арқылы үйреніп, осы іспен айналысып жүрмін. Кезінде біздің аталарымыз осылардың елімізді қорғап, жерімізді алып қалған. Сол үшін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Музей қызметкерлері өткізген шара келушілердің көңілінен шықты. Жастардың барлығы халқымыздың тарихымен жақынырақ танысып, уақыттарын тиімді өткізе алды.

 

Алтынай Казиканова