Құқық қорғау органдары

Аса ірі көлемде есірткі сақтаған 19 жастағы жігіт ұсталды

Сырт көзге – қарапайым 19 жастағы қала тұрғыны. Өзі колледжде білім алады. Бірақ, жалға алған пәтеріне бас сұқсаң, тұнып тұрған есірткі. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, бұл – “тұз” деген атаумен белгілі «альфа-PvP». Петропавл полицейлері күдіктіден 340 грамнан аса зиянды зат тәркіледі. Бұл синтетикалық есірткінің аса ірі көлемі болып саналады.

Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Сондай-ақ, қылмыстық іске маңызы бар, заттай айғақ ретінде қосылған, орайтын материал мен грамдап өлшейтін таразы анықталды… Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, бұл аса ірі мөлшердегі есірткінің заңсыз айналымына жатады. Тергеу жүргізілуде.

Тәркіленген есірткі 2 мыңға жуық дозаны құрайды. Жігіттің айтуынша, мұның бәрін ол жеке өзі қолдану үшін сақтаған. Қазір өңір полицейлері студент жастың есірткіні саудалауға қатысы бар-жоғын анықтауда. Сондай-ақ, зиянды заттың сатылуы мүмкін интернет-ресурстар тексерілуде. Кінәсі дәлелденсе, Қызылжар ауданының тұрғыны 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.

Эльмира Садвокасова