БалаларҚұқық қорғау органдары

СҚО-да биыл балалардың қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Заманауи жүрдек велосипедтер, электросамокаттар, гироскутерлер. Жастардың сүйікті көліктерінің тізімі жыл санап артып келеді. Өкінішке қарай, оларды тізгіндеген жандардың кейбірі қауіпсіздік ережелерін естен шығарып жатады. Арты сәйкесінше апаттық жағдайларға әкеп соқтырады. Оның алдын алу мақсатында жергілікті полицейлер мектептерде оқушылармен кездесулер өткізуде. Мәселен, жуырда тәртіп сақшылары Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебінде болды. Бұл білім ұясы қаламыздың орталығында орналасқан. Айналасында әрдайым көліктер жүреді. Сондықтан, ювеналды және патрульдік полиция қызметкерлері ұл-қыздарға жолда жүру ережелерін жіті баяндады.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

– Біз 4-ші сынып оқушыларымен кездестік. Оларға жолда жүру ережелерін, реттеушінің іс-қимылдары нені білдіретінін түсіндірдік. Себебі, балақайлардың біразы мектепке ата-аналарынсыз барады. Сол уақытта бағдаршам істен шығып, ұл-қыздар реттеушінің нұсқауын түсінбеуі мүмкін.

Тәртіп сақшылары аталған білім ошағынан бөлек, қаладағы №27 орта мектебінің ұл-қыздарымен де жүздесіп қайтты. Мамандар оқушыларға жолда жүруге байланысты тапсырмалар беріп, өз ақыл-кеңестерін айтты.

– Вот вы едете: вы, с мамой, с папой, с бабушкой, с дедушкой едете… Вот, стоит инспектор. Вот он так стоит. Можно ехать? – Нет. – Правильно, нет. А со спины можно ехать? Нет! – Правильно!

Сөз соңында айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында балалардың қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 13 балғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алыпты.

 

Алтынай Казиканова