МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар партиялық “қайта жүктеуді” қорытындылады

“Нұр Отан” партиясы 2019 жылы “қайта жүктеу” шарасын қолға алған болатын. Мәнісі – партия құрамына қағаз жүзінде кіріп, бірақ іске келгенде түк бітірмеген жандарды шығару.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

–  Бұл ретте 13500 партия мүшесі партиядан шығарылды. 2600 адам партия құрамына алынды. Бүгінгі таңда ұйымда облыс бойынша 28738 адам бар. Олардың 70 пайызын әйелдер қауымы құрайды.

Партия қатары “тазаланып”, тек шынымен жұмыс істеуге дайын жандар қалғанда біраз шаруаның басы қайырылды. Тұрғындарды қабылдау бүгінде үйреншікті іске айналды. Проблемаларды барлық деңгейдегі әкімдерге, құқық қорғау органдарының бастықтары мен депутаттарға жеткізуге болады. Аталған мүмкіндікті 3 жылдың ішінде 14 мыңға жуық солтүстікқазақстандық пайдаланған. Мәселелердің 37 пайызы оң шешімін тауыпты. Халықты, әсіресе, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік қамтамасыз ету, жер учаскелерін рәсімдеу мен тұрақты жұмысқа орналасу сынды сұрақтар мазалайды.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– “Заңгерлік көмек” жобасының аясында заңгер, нотариус, медиатор мен адвокаттар апта сайын тұрғындарды қабылдау өткізеді. Мәселелерін тыңдап, тегін кеңес береді, құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. 2020 жылы 42 солтүстікқазақстандыққа осындай көмек көрсетілді.

Партиялық бақылаудың да қарқыны соңғы жылдары артты. 2019 жылдан бері мониторингілік топ өкілдері 300 мәрте тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нұротандықтар әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жолдардың құрылысы мен жөндеуін қысы-жазы жіті бақылауда ұстады. Олқылықтар анықталса, оны түзетуге уақыт беріп, ескерту жасады.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Жемқорлыққа қарсы іс-шаралар – партияның негізгі бағыттарының бірі. 2019-2020 жылдары 370 отырыс өткізіліп, 329 арыз қаралды. Жиындардың нәтижесінде 29 адам партиялық жауапкершілікке тартылды, 7-еуі – ескерту, ал 5-еуі сөгіс алды. Тағы 17 адам саяси ұйым қатарынан шығарылды.

Бұл нұротандықтармен атқарылған шаруаның тек бір парасы ғана. Болашаққа жоспар көп әрі айқын. Алдағы 5 жылда өңірде бірқатар мықты жобалар қолға алынады. Бастамаларды жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 500 млрд теңге бағытталмақ. Бұрын-соңды СҚ-ға республикалық қазынадан мұндай көлемде қаржы бөлінбеген болатын. Қомақты қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауда ұстау қажет деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Бүгінде барлық бюджеттер ашық. Тендерді кімнің ұтып алып, қандай шаруаны атқарғанын көруге болады. Атқарылған жұмыс сапасыз болса, олқылықтар анықталса, жұмысты қайтадан істету керек. Бұл іске қоғамдық, саяси ұйымдар ғана емес, қарапайым тұрғындар да ат салысулары қажет.

Себебі, қыруар қаржы бөлінетін жобалардың барлығы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған. 2025-ке дейін жыл сайын 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Нәтижесінде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарының көлемі – 916 млрд, өнеркәсіп өнімдері 374 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ. Сүт-тауарлы фермалардың қатары артып, жаңа құс фабрикалары ашылмақ. Сондай-ақ, аймақта тың жобалар да іске асырылады.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Бүгін-ертең Петропавл қаласында май экстракциялау зауытының құрылысы басталады. Инвестиция көлемі – 15 млрд теңге. Біз соңғы жылдары майлы дақылдарды көптеп өсірудеміз. Бірақ, оны шикізат ретінде экспортқа жібереміз. Мақсат – астықты өзімізде өңдеп, шетелге қымбатқа сату.

Елді мекендердегі оң өзгерістер де жалғасын табады. 2 млн шаршы метр үй қолданысқа енгізіліп, 47 медициналық мекеме халық игілігіне тапсырылады. Облыс бойынша 16 мектеп тұрғызылып, 3 мың орынға арналған спорт кешені салынады.

 

Эльмира Садвокасова