МТРА жаңалықтары

№6 орта мектебінің алдында “Жас түлектер” аллеясы ашылды

Мектеп алдында қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұл жерде ұлдар жағы жер қазып, көшет отырғызып жатса, қыздар сол көшеттерді суаруда. 11-сынып оқушысы Әмина Ыбыраеваға мұндай игі іс таңсық емес. Себебі, бойжеткен волонтерлікпен айналысады. Ол ағаш егуге, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға бағытталған шараларға жиі қатысып тұрады екен.

Әмина Ыбыраева – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Бүгін жас түлектермен ағаш отырғызып жартымыз. Мақсатымыз – қоршаған ортаға өз үлесімізді қосу.

Әминаның қасында ата-әжесі де бар. Олар биыл мектеп тәмамдайтын немерелеріне көмектесіп жатыр. Бүгінгі іс-шараның талабы осындай. Яғни, “Халықаралық отбасы күніне” орай ұйымдастырылған акцияда түлектер жақындарымен бірге көшет отырғызулары тиіс.

Жібек Арықова:

 – “Отбасыңмен ағаш ек” деген акцияға қатысып жатырмыз. Мақсатымыз – отбасылық кұндылықтарды қастерлеу. Әрі биылғы түлектердің атынан алтын ұяларына естелік қалдыру.

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі былтыр тамыз айында жаңа нысанға көшірілген болатын. Білім ұясының ауласы кең. Алайда, мұнда бүгінге дейін бірде-бір ағаш егілмеген екен. Сондықтан, мектеп басшылығы мен оқушылардың ата-аналары жас түлектерге арнап аллея ашуды шешкен. Бүгін аумаққа 12 қарағай отырғызылды. “Бұл игі іс енді дәстүрге айналады дейді”,- мектеп директоры Сайран Мұстафина.

Бүгінде Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде мыңға жуық оқушы білім алуда. Олардың 69-ы санаулы күндерден соң үлкен өмірге қанат қақпақ.

Дана Ешкенова