ТЖ

СҚО-да 6 ай бұрын жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды

Осыдан 6 ай бұрын петропавлдық тұрғын із-түссіз жоғалып кетті деген хабар желіде желдей ескен болатын. Ер адам жоғаларының алдында немересімен Мамлют ауданына балық аулауға аттаныпты. Ақыры 5-сынып оқушысы үйіне жалғыз оралған. 57 жастағы азамат қайықпен Чистое көлінің ортасына қарай кетіп, сол күйі қайтып келмеген екен. Бойын үрей билеген балақай жағалауда демалып жүргендерден көмек сұрайды. Кейін оқиға орнынан аударылып қалған қайық табылады. Ал балықшыны іздеу жұмыстары мұз қатқанша дейін жалғасады. Алайда, марқұм жақында ғана табылады. Оның денесін құтқарушылар мамырдың 6-шы күні көлден алып шығады.

Қайрат Самаев – СҚО ТЖД жетекші құтқарушысы:

– Судағы мұз ерігеннен кейін, яғни, биыл қала тұрғынын іздеу жұмыстарын қайта бастадық. Нәтижесінде, петропавлдықтың денесі Мамлют ауданындағы Чистое көлінен табылды. Ол жағалаудан 25-30 шақырым жерде орналасқан қамыстардың арасынан анықталды. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Облыс аумағында 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам көл бар. Ең қауіпті дегендері – Есіл өзені мен Пестрое, Үлкен Торанғұл, Шалқар және Имантау көлдері. Мамандардың айтуынша, соңғы 7 жыл ішінде өңірде 180 адам суға батып кеткен. Оның 24-і – бала. Айта кетерлігі, 8 жылда ресми демалыс орындарында мұндай фактілер тіркелмепті.

Марат Мұратов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Жыл басынан бері Петропавлда және облыс аумағындағы аудандарда профилактикалық шаралар өткізілуде. Мәселен, өткен демалыс күндері департамент қызметкерлері балық аулайтын жерлерде 30-дан астам рейд ұйымдастырды. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелері туралы айтылды.

Өрт тақырыбына ойысайық. Құтқарушыларға 9-мамыр күні кешкі сағат 9 кезінде Жұмысшы кентінде қызыл жалын бас көтергені туралы хабар келіп түскен. Чапаев көшесінде орналасқан 86-шы үй отқа ораныпты. Баспананың шатырын жалмаған өртті мамандар 40 минуттың көлемінде толықтай сөндіреді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Оқиға орнынан үй иелерінің 2009 жылы туған қызы құтқарылды. Өрт шарпыған аумақ 88 шаршы метрді құрайды. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау тұрғындардың пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан шыққан.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 253 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 28 адам көз жұмған, 34 адам түрлі дене жарақатын алған. Материалдық шығын 97 млн теңгені құрап отыр.

 

Алтынай Казиканова