Білім

Өңірде жазғы мектептер жұмыс істейтін болады

Енгізілген шектеу шаралары мен қашықтықтан оқыту. Өңір оқушылары оқу жылының басым бөлігін онлайн форматта өткізді. Электронды форматта ұйымдастырылған сабақтарды ұл-қыздардың бірі түсінсе, екіншілері бағдарламадан қалыстап қалса керек.

Рустем Копеев – №14 орта мектебінің оқушысы:

– Қашықтықтан оқу кезінде интернет жұмыс істемей қалған кездер жиі болды. Оның салдарынан сабаққа қатыса алмай қалдым. Кей тақырыптарды дұрыс меңгере алмадым. Мектепке оралғалы бері қалып қойған дәрістерді қайталап жатырмын.

Оқу жылының аяқталуына тура екі апта қалды. Рустем Копеев өзі қалаған тақырыптартың барлығын меңгеріп үлгермей қаламын ба деп алаңдайды. Уайымға салынатын себеп жоқ. Себебі, биыл елдегі, оның ішінде біздің өңірдегі мектептер жазда да жұмыс істейтін болады. Сыныптан тыс білім алуға ниет танытқан шәкірттерді білім ұялары мамырдың 26-сы мен маусымның 19-ы аралығында қабылдап, оқытпақ.

Ғафура Бөстекова – №14 орта мектебінің директоры:

– 5 пен 8-ші сынып аралығындағы оқушылар, 10 сыныптың ұл-қыздары келіп оқи алады. Жастардың өз еркімен немесе ата-аналарының өтінішімен келеді. Бір сыныпта 15 баладан артық адам болмайды. Санитарлық талаптар сақталады.

Мектепте 970 бала білім алатын болса, олардың басым бөлімі – жоғарғы сынып оқушылары. Бүгіннің өзінде 20 бала жазда білім алуға өтінім білдіріп үлгерген екен. Шәкірттерге 30-ға жуық мұғалім сабақ беретін болып бекітіліпті.

Ғафура Бөстекова – №14 орта мектебінің директоры:

–  Жалақысы сақталады. Мұғалімдердің демалысына кедергі келтірмейді. Сабақ өтпейді. Консультативтік ретінде болады. Үй жұмысы берілмейді.

Оқумен қатар, ғылыми жұмыспен айналысатын немесе түрлі олимпиадаларға қатысатын оқушылар да жазда келіп, дайындалуларына рұқсат етілген.

 

 

 

Маржан Касымбек