Спорт

“Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы анықталды

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, сайдың тасындай тізілген спортшыларға сәттілік тіледі.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

-Қызылжар өңірінде спортқа көп көңіл бөлініп жатыр. Соның бірі ұлттық өнеріміз – Қазақ күресі. Қазіргі күні әрбір аудан орталығында заманауи спорт кешендері салынып жатыр. Осылайша, спортшыларымыздың жаттығуларына қолайлы жағдай жасалуда. «Қызылжар барысы» турниріне қош келдіңіздер! Барлығыңызға сәттілік тілеймін!

Бүгінгі сайысқа 13 аудан мен облыс орталығынан 27 палуан жиналды. Олардың барлығы – аудандық және қалалық іріктеуден сүрінбей өткендер. Боз кілемнің үстіне алғаш болып Шал ақыннан келген Әділ Қайыр мен есілдік Исатай Мақарамов шықты. Жігіттер осал емес. Екеуі де облыстық, республикалық додаларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Белдесу екі жаққа да оңайға соқпады. Палуандар біраз аңдысты, тартысты, аяқтан шалысты. Күрес кезінде Әділ жарақат та алып қалды. Сонда да жеңіс қызыл шапандағы палуанға бұйырды. Ол ұтымды сәттердің бірінде әдіс жасап, таза жеңіске қол жеткізді.

Әділ Қайыр – “Қызылжар барысы” турниріне қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Қарсыласымды аяқтан шалу және қырқа шалу әдісімен жеңдім. Күрес кезінде қолым кеудеме қысылып қалды. Солай жарақат алдым. Бірақ, қарсыласымды ұта алдым.

“Қызылжар барысы”-на қатысып жатқан палуандардың арасында Мұхит Тұрсынов, Алтынбек Аусағитов, Дәурен Нұрғожин секілді танымал таланттар бар. Жиналған қауым осы жігіттерден тартысты бәсеке күтті. Себебі, олар – өте мықты спортшылар. Және осы үштіктің алда келе жатқан “Қазақстан барысы” турниріне қатысуға мүмкіндіктері зор. Мәселен, Мұхит Тұрсынов 2014 жылы өткен Қазақстан барысында топ жарды. Қазір ол «Қызылжар арландары» спорт клубының намысын қорғап, өңіріміздің атынан сынға түсіп жүр. Белді палуан бүгін де жоғары деңгейлі өнер көрсетті. Қарсыластарының барлығын қоғадай жапырды. “Мақсатым республикалық турнирде үздік үштіктің қатарынан көріну дейді”,- білекті палуан.

Мұхит Тұрсынов – “Қызылжар барысы” турниріне қатысушы, Петропавл қаласы:

– Жарыстың деңгейі жақсы. Қарсыластарым жақсы дайындалған. Жеті жылдан бері үздік үштіктің қатарында болмадым. Биыл жеңу үшін барымды саламын.

Сонымен, “Қызылжар барысы” турнирінде Мұхит Тұрсынов 1-ші орын иеленді. Палуанға белбеу мен 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Ал 2-ші орын Алтынбек Аусағитовқа бұйырды. Жеңіс тұғырының 3-ші сатысына Әлібек Ғосманов есімді спортшы көтерілді.

Оларға 300 және 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, Мұхит пен Алтынбек 4-ші шілде күні елорда төрінде өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Яғни, палуандар Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінде өңір намысын қорғайды.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан