ҚоғамӘр түрлі

Петропавлда гүл егу жұмыстары қарқын алды

Қызылжар одан сайын құлпыра түспек! Мамыражай мамырдағы қос мереке қарсаңында облыс орталығында абаттандыру жұмыстары бастау алды. Бүгінгі таңда “Коммунхоз” серіктестігінің мамандары
Жеңіс саябағында көздің жауын алатын гүлдер отырғызуда.

 

Петуния, сальвия, шефран. Қызыл, сары, жасыл түсті гүлдер қала көшелеріне жылда егіледі. Биыл көз тартарлық гүлдердің қатарына тағы бірнешеуі қосылды. Көпжылдық өсімдіктер герань, колиус, гайлардия деп аталады. Бұл гүлдерді жыл сайын егудің қажеті жоқ, бірақ ерекше күтім жасау керек, есесіне қар еріп, күн жылығында өздігінен өсе береді.

Алдияр Айтпаев – тілші:


– Жеңіс саябағында жұмыс таңғы 9-дан қыза түскен. Қазір мұнда 20-ға жуық адам айналаны абаттандырып жатыр. Мысалы, біреулері осылай гүлдің орнын әзірлесе, екіншілері оны отырғызуда.

Гүл егу жұмыстарын “Коммунхоз” серіктестігінің қызметкерлері атқарып жатыр. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынның екі жылыжайы бар екен. Онда гүлдің 10-нан астам түрі өсіріледі. Көптігі соншалық, бүкіл қаланы абаттандыруға жетеді.

Елена Широкорядова – “Коммунхоз” ЖШС көгалдандырушы технигі:

– Гүлдерді екпес бұрын орнын тыңғылықты тазалап, жерін қазамыз. Егілген өсімдік ерекше күтімді қажет етеді, ала жаздай күтіп-баптаймыз, суарамыз. 9 мамыр қарсаңында гүл егуді жыл сайын дәстүрлі түрде Жеңіс саябағынан бастаймыз. Іске 2 күн бұрын кірістік. Жоспардың тең жартысы тындырылды.

Жеңіс саябағының аумағында гүл отырғызу жұмыстары аяқталған соң коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері көшелерге қарай ойысады.

Алдияр Айтпаев