МТРА жаңалықтары

Ерлікке тағзым

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында “Қызылжар су” серіктестігінде де мерекелік жиын ұйымдастырылды. Оған Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлерінің балалары қатысты. Іс-шара барысында ән-жырдан шашу шашылды. Сондай-ақ, ардагерлердің құрметіне арналып кәсіпорын маңында орналасқан “Даңқ” аллеясына 12 түп шырша көшеті отырғызылды.

Тамара Кравченко бұл өлең жолдарын жауынгер әкесіне арнап жазған. 1941 жылдың шілде айында Василий Русанов соғысқа шақыртылады. Ол кезде 32 жастағы азамат Петропавлда құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының қатарында барлаушы-бақылаушы қызметін атқарды. Василий Иосифовичтің Ленинград қаласын жау блокадасынан босатуға қосқан үлесі орасан зор. Майдангер қанды қырғын, қып-қызыл оттың ішінде 4 жыл бойы неміс басқыншыларына қарсы тұрды.

Тамара Кравченко – Василий Русановтың қызы:

– Соғыс аяқталған соң әкем “Ленинградты азат еткені үшін”, “Жауынгерлік еңбегі үшін” медальдарымен марапатталды. Өкінішке қарай, ол 80-ші жылдары қайтыс болды. Бірақ, қаншама жыл өтсе де әкемнің жеңісті жақындатуға қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайды.

Ешкім де ешқашан ұмытылмайды. Бір өкініштісі, жылдар өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. “Қызылжар су” серіктестігіне 300-ден астам соғыс ардагері мен тыл
еңбеккері бекітілген болса, бүгінде олардың басым бөлігі өмірден өткен. Кәсіпорын өкілдері Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерінің балаларын шақырып, ержүрек әкелерді бірге еске алып, рухтарына тағзым етті. Жылдағы дәстүр бойынша кәсіпорын жанынан құрылған “Даңқ” аллеясына ағаш отырғызды.

Альбина Аверина – “Қызылжар су” ЖШС ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Біз үшін 9-шы мамыр – ұлы мерекелердің бірі. Жыл сайын ардегерлерімізге арнап концерттік бағдарлама мен сыйлықтар дайындаймыз. Іс-шараға келе алмаған жандарды үйлеріне барып құттықтаймыз.

4 жыл ішінде мұнда 40-тан астам шырша отырғызылған екен. Бүгін жасыл желек қатары тағы толықты. Әр шырша белгілі бір ардагерге арналыпты. Кейінгі ұрпақ егілген ағаштар тамырын тереңге бойлап, саялы саябаққа айналатынына сенімді.

Дана Ешкенова