Спорт

Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали шеберлік сағатын өткізді

Петропавлға грек-рим күресінен Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали келді. Ол өзі бір кездері біліп алып, тәжірибе шыңдаған облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне ат басын бұрды. Мұнда бозкілем шебері ізбасарларына шеберлік сағатын өткізді.

 

Жұртшылық грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғалиді түрлі жарыстардың жеңімпазы ретінде таниды әрі спорттағы өнерін жоғары бағалайды. Палуанның биік белестерді бағындыруына Петропавлдағы жаттықтырушысы Сералы Құсайынов мол еңбек сіңіргенін білген жөн. Маман Айдосты 7-ші сыныпта қол астына алып, бозкілемдегі айла-тәсілдердің бәрін үйреткен екен. “Бүгінде шәкіртім аламанға қосылса, тақым қысып, жанкүйер боламын”,- дейді ағамыз.

Сералы Құсайынов – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған спорт-мектеп-колледжінің жаттықтырушы-оқытушысы:


–  Әрине, шәкірттеріміздің осылай ат ізін салып тұратыны көңіл қуантады. Айдос маған жеткіншек шағында келді. Бірден ортаға сіңісіп, тыңбай еңбектенді. Соның нәтижесі болар, бір жылдан кейін жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында топ жарды. Одан кейін де биік белестерді бағындырды. Жалпы, Айдос – өзінің күресу стилі бар мықты палуан.

Кезінде облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің осы залында Айдос жаттығу жасап, жарыстарға дайындалған. Ал бүгін білекті жігіт бозкілем үстіне өзінің спорттағы тәжірибесімен бөлісу үшін шығып отыр. Дәлірек айтсақ, грек-рим күресімен айналысатын жастарға шеберлік сағатын өткізуде.

Жақында ғана Азия чемпионы атанған азамат бозкілем үстінде өзінің оң жамбасына келетін әдістердің барлығын көрсетті, ақыл-кеңесін де берді.

Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресінен Азия чемпионы:

– Қазір бізге демалыс берді. Аздаған демалысымды осында келіп өткізуді жөн көрдім. 1-40 Себебі, осы жақта кішкентай кезімнен жаттығу жасадым, өстім-өндім. Басқа залдардан қарағанда осы зал маған ерекше ыстық көрінеді.

Палуан енді Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты бастамақ. Әзірге, Жапонияға кімнің баратыны белгісіз. Айта кетейік, елімізде 60 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары. Айдостың басты қарсыласы – ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов. Жаһандық жарыста кімнің күресетіні алдағы уақытта мәлім болмақ.

Алдияр Айтпаев