ЭкологияҚоғам

«Ақ көгершін» экологиялық акциясы өткізілді

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында “Ақ көгершін” акциясы өтті. Экологиялық шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен студенттер / Пестрое көлінің маңын күл-қоқыстан тазартты.

 

Қоршаған ортаны таза ұстап, оған қамқорлық көрсету – әр адамның міндеті. Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету коллеждінің студенттері экологиялық акцияларға жиі қатысады екен. Бүгін жастар Пестрое көлінің маңын жинастырып жүр. Олар студенттік өмірге жаңа аяқ басқан – 1-ші курс жастары. Небәрі 16 жастағы ұл-қыздар қаланың тазалығына қазірден мән беріп, оны көркейтуге елеулі үлес қосып жүр.

–  Жаз мезгілінде осында достарымызбен жиі келеміз. Бұл – біздің демалатын сүйікті орнымыз. Айналаның таза болғаны ең алдымен өзіміз үшін маңызды.

– Қоқысты жинауды бізге бала кезімізден мектепте үйретеді емес пе? Бірақ арамызда қасында тұрған жәшікке қоқысты дұрыс тастай алмайтын жандар көп. Қала тұрғындарынан қоршаған ортаға мән берулерін сұраймыз.

Арнайы құралдармен жабдықталған белсенділер екі сағаттай жұмыс істеді. Олар көл маңын мұнтаздай етіп тазалап шықты. Әр ұсақ қоқысқа дейін мән беріп, барлығын теріп алды. Жастар өзге де оқу орындарының студенттерін осындай игі шараға қатысуға шықарады.

Динара Оразбаева – «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл акцияны ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қолға алып отырмыз. Бұған дейін де бірнеше сенбілік өткіздік. Өткен аптада Жеңіс саябағында болдық және Жамбыл көшесін тазаладық. Аталған шараны бір жағынан челлендж деп айтсақ та болады. Осы орайда экологиялық бастаманы жастар ресурстық орталығына және еліміздің басқа да аймақтарына жолдаймыз.

“Ақ көгершін” акциясына бүгін 30-ға жуық адам қатысты. Олар Пестрое көлінің маңынан 20 қап қоқыс жинады.

Бердимурат Баймухан