Спорт

Өңір кикбоксшылары ел біріншілігінен оралды

Өңір кикбоксшылары Қостанай қаласында өткен ел чемпионатынан жүлдемен оралды. Қазақстан біріншілігінде теріскейлік шаршы алаң шеберлері 4 бірдей медаль еншіледі. Оның біреуі – алтын, қалғаны – қола.

Ел чемпионатына Солтүстік Қазақстан облысынан жалпы саны 15 спортшы қатысыпты. Соның төртеуі жүлдегерлер қатарынан көрінген. Өңір намысын абыроймен қорғағандардың бірі – Таласпай Қасымов. Петропавлдық жасөспірім дүбірлі додада 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Ол 4 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алтыннан алқа тағынып қана қоймай, “Кикбокстан спорт шеберлігіне үміткер” нормативін орындаған.

Таласпай Қасымов – кикбокстан спорт шеберлігіне үміткер:

– Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында 52 кездесу өткізіп, оның 46-сында жеңіске жеттім. Алтыннан алқа тағынған жарыста Шымкент қаласы мен Қызылорда, Маңғыстау облыстарының спортшыларын жеңдім. Финалда шымкенттік спортшымен күш сынасып, төрешілердің шешімі бойынша жеңімпаз атандым.

Таласпайдан бөлек, өңір намысын шалақындық спортшылар да абыроймен қорғап қайтты. Атап айтсақ, Меруерт Билден, Ерсұлтан Қалиахмет және Акрамжан Оразаев сынды жастар жүлдеге ілікті. Олар күміс пен қола медальдарға қол жеткізді. Айта кету қажет, кикбокстан кадеттер арасындағы ел біріншілігі 19-23-ші сәуір аралығында Қостанай қаласында өтті. Додада биыл 2005-2006 жылы туған шаршы алаң шеберлері бақ сынапты.

Дастан Қабденов – облыстық олимпиадалық резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушы-оқытушысы:

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Еліміздің барлық облыстарынан 340-қа тарта спортшы жиналды. Кездесулер тартысқа толы болды.

Кикбокшыларды алда бірнеше жарыс күтіп тұр. Алғашқысы – шілде айында Шымкент қаласында өтетін дода. Жерлестеріміз қазір соған қызу дайындалып жатыр.

Алдияр Айтпаев