Бизнес және экономика

“Бастау Бизнес” жобасы аясында оқыту курстары бастау алды

Өңірде “Бастау Бизнес” жобасына қатысушыларды оқыту курстары бастау алды. Оның бірінші легіне жазылғандардың 90-ға жуығы -петропавлдық. Тренинг былтырғыдай онлайн-форматта өтіп жатыр. Оқу аяқталған соң болашақ кәсіпкерлер өз жобаларын қорғап, қаржылай қолдауға ие болады. Жалпы, биыл 750 солтүстікқазақстандық аталған бағларламаға қатысуға ниет білдіріпті.

Қала тұрғыны Иван Завадскийдің мамандығы – экономист. Соңғы жылдары Startup жобаларды әзірлеумен айналысып жүр. Ендігі мақсаты – қиялына ерік беріп, жеке кәсіп ашу. Ойындағысын жүзеге асыру үшін қаржы және бизнестің қыр-сырын теория тұрғысында меңгеру қажет. Осы орайда «Бастау Бизнес» жобасына қатысуды жөн санадым”,- дейді жерлесіміз.

Иван Завадский – қала тұрғыны:

– Ресейде жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Петропавлға оралып, курсқа жазылдым. Аталған тренинг жайлы таныстарым айтты. Негізі, бұрыннан жеке ісімді бастасам ба деп жүр едім. Бірақ, реті келмеді. “Бастау Бизнес” жайлы естігенде мүмкіндікті жіберіп алмау керек деген ой келді. Алдағы уақытта осы жерден алған білімнің негізінде түрлі жобаларды жүзеге асырып, кәсіп бастауды жоспарлап отырмын. Алайда, әлі қандай бағытта жұмыс істейтінімді шешкен жоқпын.

Өңірде “Бастау Бизнес” жобасының қатысушыларын оқыту кеше, яғни 26-шы сәуірде басталды. Курстың бірінші легіне облыс бойынша 300-ге жуық адам жазылған. Оның 87-сі – петропавлдық. Тренинг былтырғыдай онлайн-форматта өтіп жатыр. Әдеттегідей, ол 21 күнге созылмақ. Оқу аяқталған соң болашақ кәсіпкерлер өз жобаларын қорғау қажет. Кейін жұмыстары мақұлданса, 6 пайызбен шағын несие рәсімделеді. Сондай-ақ, тыңдаушылардың 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алуға мүмкіндіктері бар.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларымен жеке бизнес-тренерлер жұмыс істейді. Одан кейін жоба аясында 2 сертификат беріледі. Бірі – қатысқаны, екіншісі – аяқтағаны туралы. Бизнес-жобасын жазса, оған екінші сертификат беріледі. Бұл сертификатпен одан әрі қаржылай көмек алуға мүмкіндік бар. Біздің мақсат – қатысушыларды оқытып, бизнес-жобасын дұрыстап жазғызу. Одан әрі тыңдаушылар Жұмыспен қамту орталығына барады.

Тыңдаушылар биыл 4 лекпен оқытылады. Бизнестің қыр-сырын барлығы – 750 теріскейлік танымақ.

Алтынай Қазиқан