Білім

Жергілікті университеттегі жаңашылдықтар

Жергілікті университеттің жастарына арналған 1750 орындық 3 заманауи жатақхана бой көтереді. 4,5 млрд теңгеге 5 оқу корпусы мен 3 студенттер үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифинг барысында айтылды.

Аталған шаруалардың барлығы облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында іске асырылмақ. Айта кеткен жөн, қазіргі күні білім ордасының аумағында 11 қабатты оқу-зертханалық корпус салынуда. Онда 3 факультет орналаспақ. Жаңа ғимаратта 70-тен астам оқу-зертханасы жұмыс істемек. Келешекте білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің 90%-дан астамы жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Студенттік өзін-өзі басқару функциялары мен өкілеттіктерін кеңейту мақсатында арнайы ұйымдарға қыз-жігіттердің 20%-ы тартылмақ. Жаңашылдықтардың тізімі мұнымен шектелмейді. Үстіміздегі жылдың қыркүйегіне қарай оқу ордасының профессор-оқытушыларының жалақысы тағы 20%-ға артады. Және педагогтар құрамы конкурстық іріктеудің жаңа рәсімі бойынша анықталмақ. Сондай-ақ, биыл мектеп бітіруші түлектер үшін кейбір мамандықтар бойынша шекті балл мөлшеріне де өзгерістер енгізілген.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Педагогикалық мамандыққа түсем деуші талапкерлер кемінде 75 балл жинауы керек. Ал ауыл шаруашылығы бағытына оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер кемінде 65 ұпай жинауы керек. Басқа бағыттағы мамандықтардың балдарында өзгеріс жоқ.  Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқуға түсушілерге, яғни жеделдетілген курстарға оқуға түсушілерге педагогикалық, медициналық және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтардың қашықтықтан оқытатын пәндері біршама қысқартылмақ.

 

Алтынай Казиканова