Спорт

Нұрқожа Қайпановқа жерлестері құрмет көрсетті

Солтүстікқазақстандық спортсүйер қауым да Нұрқожа Қайпановқа құрмет көрсетті. Білекті палуанды жерлестері кеше / кезінде өзі білім алған облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатында құшақ жая қарсы алды.

Чемпионды жерлестеріміз осылай қарсы алды. Сары құрлық біріншілігінде боз кілем үстінде Нұрқожа Қайпанов желбіреткен ту өңірімізге дейін көкке көтеріліп келді. Бөріктерін аспанға атқан теріскейліктердің қуаныштарында шек жоқ.

Көп кешікпей Нұрқожа Қайпанов өзі білім алған облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатына келді. Мұнда оны мұғалімдері мен ізбасарлары құшақ жая қарсы алды. Қазір бұл жерде күреспен айналысатын жеткіншектердің барлығы Нұрқожаның жетістіктеріне қарап бой түзейді, үлгі тұтады. Бүгін спортшыларға Азия чемпионымен суретке түсіп, қолтаңбасын алудың сәті туды. Сұлтан Бейісов Нұрқожа Қайпановпен кезінде бірге жатыққан, тіпті, дүбірлі додаларда бірге өнер көрсетіпті.

Сұлтан Бейісов – еркін күрестен өткен ҚР чемпионатының жүлдегері:

– Нұрқожамен осы жерде таныстық. Бірге жаттығу жасадық. Жарысқа да бір салмақта шығатынбыз. Боз кілемде 8 рет кездесу өткіздік. Көбінде ол жеңіске жететін.

Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатына Нұрқожа жасөспірім шағында, 2010 жылы келген. Осында жаттығып, тер төккен. Қазіргі кезде бұл жерге сирек келеді, бірақ спортшы сол кездерді сағынатынын жасырмады.

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы:

– Өте қуаныштымын. Бұндай болады деп ойламадым. Құшақ жая қарсы алды. Бапкерлері ме де, апайларыма – барлығына алғысымды білдіремін. Петропалда жаттығу жасаған өзіме ұнайды. Бірақ, қазір олимпиадаға деген дайындықпен реті келмей жүр.

Азия чемпионаты – Нұрқожаның жаңа салмақта шыққан алғашқы жарыстарының бірі. Бұған дейін 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен палуан 74 келі салмаққа ауысқан болатын. Бұл салмақ дәрежесі олимпиадалық ойындардың талабына сәйкес келеді.

Аян Бейсембаев – Нұрқожа Қайпановтың бапкері:

– Әлемдік ареналарда, олимпиадада, әлем чемпионаттарында өнер көрсетемін деген мақсаты болған. Аллаға мың да бір шүкір, ақырын-ақырын мақсаттары орындалып келеді.Қай жарыс болмасын үздік үштіктің қатарынан көрініп жүр.

Нұрқожа енді мамыр айында Польшаның Варшава қаласында өтетін жарысқа қатыспақ. Рейтингілік турнирде үздік үштіктен көрінсе Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіншілігі арта түседі.

Алдияр Айтпаев