Әр түрлі

Автобуспен тегін қатынайтын тұрғындар санаты бекітілді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілмек. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында  мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен қуғын-сүргін құрбандары және тағы 9 санатқа жататын тұрғындарға әлеуметтік көмек қарастыру мәселесі сөз болды. Петропавл бойынша 9,5 мың адам аталған топ өкілдеріне жатады. Алдағы уақытта бұл жандарға фотосуреттері бар арнайы карта табысталады. Осындай құжат берілген адам оның көмегімен кез келген автобуспен тегін қатынай алады. Бұл ретте жолаушы тасымалдаушылардың шығыны шаһар бюджетінің есебінен өтелмек.

1. 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер;
2. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
3. Барлық топтардағы 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
4. 18 жасқа дейінгі мүгедек бала тәрбиелеп отырған заңды өкілдің біреуі;
5. ҰОС ардагерлері;
6. Өзге мемлекеттердегі ұрыстарға қатысқан ардагерлер;
7. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жандар;
8. “Батыр-ана”, 1-ші және 2-ші дәрежелі “Ана даңқы” ордендерінің иегерлері, “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлері;
9. Көпбалалы отбасылардың бір мүшесі;
10. Саяси қуғын-сүргін құрбандары;
11. Атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың бір мүшесі;
12. Көпбалалы аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


–  Автобус карталары азаматтарға тегін беріледі. Бірақ, егер тұрғындар оны жоғалтып не сындырып алса, қайтадан жасату үшін өз қалталарынан ақша шығаруларына тура келеді. Автобус карталарын әзірлейтін серіктестікті анықтау үшін конкурс өткізілді. Сәуірдің 20-сы нәтижесі шығып, компания белгіленді. Картаны алу үшін 12 санатқа жататын адамдарға өтініш жазу қажет.

 

Эльмира Садвокасова