Әр түрлі

«Nur Otan» партиясы жанынан жаңа қоғамдық кеңестер құрылды

Білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және құрылыс. Өткен аптада /«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанынан / сайлауалды бағдарламадағы мақсат-міндеттердің жүзеге асырылуын бақылайтын қоғамдық кеңестер құрылды. Облыс бойынша мұндай ұйымдардың саны 140-тан асады, оның 12-сі Петропавлда құрылған. Бүгінде қоғамдық кеңестерге түрлі салада қызмет ететін 800 адам мүшелік етеді.

Білім мен ғылым. “Нұр Отан” партиясының мүшесі Данияр Уәлиев жуырда жергілікті жерде аталған бағытты дамытуға арналған қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Педагогика саласында
14 жылдық тәжірибесі бар маман алдағы 5 жылға нақты жоспар әзірленіп қойылғандығын айтады. Басты мақсат – жүктелген тапсырмалардың уақытылы орындалуын қадағалау. Солардың біріне тоқталып өтсек. 2025 жылға дейін елімізде 800 мектеп салынатын болса, соның 30-дан астамы СҚО-да бой көтермек.

Данияр Уәлиев – «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалаймыз. 09:35 Және де өңірде 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың барлығы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтылған. Болашақта 3 жасқа дейінгі балаларды да қамтуды жоспарлап отырмыз.

Былтыр қашықтықтан білім беру барысында біраз қиындық туындағаны жасырын емес. Шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушылар мен студенттер интернет нашар болғандықтан сабаққа дұрыс қатыса алмады. Алдағы 5 жылда бұл мәселе шешімін табады дейді Данияр Уәлиев. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына арналған арнайы платформа да әзірленбек.

Данияр Уәлиев – «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:


–  Платформада қиындық туындады. Біреулері ватсаппен оқытты, басқалары тағы басқа қосымшаны қолданды. Бір оқушыда кем дегенде 10-12 мұғалім бар. Әр ұстаз өзі қалаған платформаны қолданса, оқушыға қиын болып қалады.


Диплом бар, бірақ, жұмыс істеуге құлшыныс жоқ. Кейбір жастар жүрегі қаламаған мамандыққа тек грант үшін ғана оқуға түсетін көрінеді. Білім ордасын тәмамдаған соң меңгерген саласы бойынша қызмет еткісі келмейді. Осылайша, екі қолға бір күрек таба алмай жүреді. Бұл мәселенің шешімі бар ма?

Данияр Уәлиев – «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:


–  Жастарды жұмысқа тарту үшін жергілікті компаниялар өз ұсыныстарын білдірсе. Яғни, грант бөліп, үй-жаймен қамтамасыз етіп қолдау көрсету қажет. Сонда екі тарапқа да тиімді болады.

Алдағы уақытта жоғарғы оқу орындары мен жергілікті кәсіпорындар арасында жиын өткізіліп, бұл мәселе жан-жақты талқыланбақ.

Маржан Қасымбек