Білім

Педагогикалық ККО-ның міндеті

Ұстаздар тарапынан келіп түскен әр өтінішті жіті қарастырып, мектеп әкімшілігіне түсініспеушіліктерді шешуге көмектесу. Бұл – жергілікті педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі Консультативтік-кеңесші органның басты міндеті. Бүгінге дейін ұйым мүшелері 875 отырыс өткізіп, 42 өтінішті қарастырған.

 

Осыдан 2 ай бұрын облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде консультативтік-кеңесші органның құрылғаны жайлы бейнематериал дайындаған едік. Естеріңізге сала кетсек, ұйым педагогтардың құқығын қорғап, мәртебелерін көтеру мақсатында ашылған болатын. Қазіргі күні өңірімізде 559 білім беру мекемесінде осындай кеңестер жұмыс істеуде. Мамандар бүгінге дейін 875 отырыс өткізген. Ұстаздар тарапынан 42 өтініш түсіпті.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Мұғалімдердің өтініштерінің көп бөлігі педагогикалық этиканың бұзылуына, әріптестер арасындағы, әкімшілік пен мұғалімдер арасындағы келіспеушіліктерге қатысты. Мұғалімдердің еңбек тәртібі мен шектеу шаралары кезіндегі жұмыс істеу режимі, мұғалімдердің тарификациялары, еңбекақылары туралы өтініштер бар.

Келіп түскен әр өтінішті кеңес мүшелері жіті қарастырып, мектеп әкімшілігіне түсініспеушіліктерді шешуге көмектескен. Және осы бағытта мұғалімдер арасында педагогикалық әдеп бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, сағаттық жұмыс жүктемесі мен қызметтік міндеттерін қайта қарау бойынша ұсыныстар білдіріпті.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Мектептердің бірінде тәртіптік жаза ұсынылды. Осы ұсыныс негізінде мұғалімге педагогикалық этиканы бұзғаны үшін қатаң ескерту жасалды. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының 15-бабына сәйкес педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады. Педагогті тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы ескеріле отырып, білім беру ұйымы басшысының актісімен қабылданады.

Айта кетейік, ұстаздардың құқығы Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы негізінде қорғалады. Егер жеке тұлға мұғалімді сыйламай, оған балағат сөздер айтатын болса, 30 АЕК айыппұл салынуы мүмкін. Оқиға бір жыл өтіп тағы қайталанса, онда айыппұл мөлшері 40-қа өсіп, айыпты тұлға 5 күнге қамауға алынады. Осы орайда педагогикалық кеңес өкілдері ұстаздардың құқығы тапталған жағдайда экранда көрсетілген байланыс нөмірлеріне хабарласу қажеттігін айтты. (49-39-66, 49-38-28)

Алтынай Қазиқан