COVID-19: Қазақстан

СҚО-ға сәуір айының соңына дейін 17 мыңнан астам вакцина жеткізілмек

Тәжді вируспен күрес. Бүгінге дейін 22 мыңға жуық солтүстікқазақстандық / «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентін алып үлгерген. Соның 7700-ден астамы / иммундау шарасына / ерікті түрде қатысқан. Сәуір айының соңына дейін өңірге екпенің тағы 17 мыңнан астам дозасы жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Өңірде ПТР зерттеу жүргізетін 3 зертхана жұмыс істеп тұр. Пандемия басталғалы 315 мыңнан астам адамнан тест сынамасы алынып, 13641 адамның бойынан тәжді вирустың нақты белгілері анықталыпты. Естеріңізге сала кетейік, теріскей өңірі сәуірдің 9-ы күні “жасыл” аймақтан “сарыға” өтті. Себебі, өңірде індетті жұқтыру көрсеткіші 3,7 пайызға өскен. Өзгеріске байланысты шектеу шаралары күшейтілді. Дегенмен, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, соңғы бір аптада инфекцияның таралу қарқыны бәсеңдеген.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Өңірде соңғы тәулікте коронавирусты 27 адам жұқтырып алған. Оның 16-сында аурудың анық белгілері байқалады. Науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Облыс аумағында соңғы 7 күнде вирустың таралу қарқыны 33 пайызға бәсеңдеді.

Оқу жылының басынан бастап 740 оқушының бойынан коронавирус табылды. Оның 456-сы штаттық режимде оқып жүріп дертке шалдыққан.
Естеріңізде болар, 4-ші тоқсанда теріскейлік ұл-қыздар партаға қайта отырған болатын. Осы уақыт ішінде 72 бала инфекция жұқтырып алған. Салдарынан қаладағы Мұрат Айтхожин атындағы 1-ші мектеп қашықтықтан оқуға ауысты. Сұхбат барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов өңірде ақпан айынан бері жүргізіліп жатқан вакциналау науқанына да тоқталып өтті.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Ақпан айынан бері 21 990 адам вакциналанды. Оның басым бөлігі – медицина қызметкерлері, полиция мамандары және созылмалы дертке шалдыққан адамдар. Бүгінде екпені ерікті түрде қойғызып жатқан жандар да бар. Қазірдің өзінде олардың саны 7 800-ге жуықтайды.

Өңірге сәуір айының соңына дейін «Спутник V» вакцинасының 17 мыңнан астам дозасы жеткізілмек. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айына дейін 10 млн қазақстандық вакциналанбақ. Оның 300 мыңы – теріскей өңірінің тұрғындары.

Дана Ешкенова