Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл өңірде “Claas” маркалы 95 комбайн шығарылады

Аграрийлер үшін қуанышты жаңалық! “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы аясында құрылысы басталған “Claas” зауыты / жазда қолданысқа тапсырылады. Маңызды жобаны жүзеге асыруға ел бюджетінен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Игілігін / диқандар алдағы күзгі орақ науқанында көрмек/Ө/. Биыл неміс инвесторлары 95 комбайн жинап, саудаға шығаруды көздеп отыр. Жергілікті жерде құрастырылған техника / аграрийлерге 2 есе арзан бағамен ұсынылмақ.

Неміс стандартына сай салынып жатқан нысан. “Claas” компаниясы зауытының құрылысы бүгінде 90 пайызға аяқталыпты. Іске «Құрылыс Сервис СК» серіктестігі жауапты. Мердігердің сөзінше, ғимарат маусымның 10-ына дейін толық дайын болмақ. Кейін өндіріс ошағы германиялық инвесторларға тапсырылады.

Мұрат Харсиев – «Құрылыс Сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Күрделі монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінде ішкі өңдеу шараларына кірісіп кеттік. Барлық шаруа неміс инвесторларының талабына сай жүргізілуде. Оларға ұнамаған тұстары болса, онысын қайта жасап жатырмыз.

Инвесторлар қажетті қондырғылар орнатып, комбайн құрастыруға бірден кіріспек. Жоспар бойынша биыл ауыл шаруашылығы техникасының 95 данасын шығару көзделіп отыр. Ал кәсіпорынның қуаттылығы 2022-де тағы арта түседі. Осылайша, СҚО-да “Claas” маркалы 200 комбайн, 50 трактор мен дәл сонша дән сепкіш жиналмақ. Техниканың барлығы дәл осы нысанда құрастырылатын болады. Ғимараттың жартысы – қойма, жартысы өндіріс ошағы ретінде жұмыс істемек.

Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді. Нысан құрылысы, инженерлік желілерді тарту мен айналасын абаттандыруды Қазақстан өз мойнына алды. Ал неміс әріптестер жергілікті жерде жиналатын комбайн, трактор атаулыны біздің аграрийлерге 50 пайыздық жеңілдікпен саудалайды. Болашақта техниканы құрастыруға қажет бөлшектерді еліміздегі кәсіпорындардан алу жоспарда бар. Барша мемлекет үшін маңызы зор жоба өз мәресіне жазда жетеді. “Claas” компаниясы қазір білікті мамандар іздестіріп жатыр. Инвесторлар 100-ге жуық жерлесімізді екі қолға бір күрекпен қамтымақ. Компанияның болашақ қызметкерлері ағылшын немесе неміс тілін білулері қажет.

Эльмира Садвокасова