МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында жанар-жағармай ұрлау фактісі тіркелді

Аққайың ауданында жанар-жағармай ұрлау фактісі тіркелді. Бұл оқиға сәуірдің 19-ы күні болды.

Кешке таман жұмыстан кейін үйіне бара жатқан полиция майоры Данияр Сүйіндіков «Смирново-Қиялы» тас жолында тоқтап тұрған “Volvo» көлігін байқайды. Жанармай таситын темір тұлпардың жанында «Audi» мен «Volkswagen» маркалы машиналар тұрған. Бұл көрініс білікті маманның бірден күдігін тудырады. Тәртіп сақшысы көліктерге жақындай келе жүк салғыштарында бензин толы канистрлердің жатқанын көреді. Оқиға орнына шақырылған жедел-тергеу тобы жанармай ұрлау фактісін анықтады. Белгілі болғандай, күдікті – Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны. Ол жанар-жағармай тасымалдайтын серіктестікте жүргізуші болып жұмыс істеген көрінеді. Жалпы құны 70 мың теңгеден асатын 420 литр өнім тәркіленді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Алдияр Айтпаев